Хабар телеарнасы

«Хабар» Агенттігі» АҚ-ның ҚР Сенаты депутаттығына кандидаттарға арналған ақпараттық хабарламасы

«Хабар» Агенттігі» АҚ-ның ҚР Сенаты депутаттығына кандидаттарға арналған ақпараттық хабарламасы

«Хабар» Агенттігі» акционерлік қоғамының 2020 жылғы 12 тамызда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттығына кандидаттардың сайлауалды үгіт материалдарын орналастыру үшін телеарналарында эфирлік уақыт беруінің жалпы шарттары.

«Хабар» Агенттігі» акционерлік қоғамы (бұдан әрі - Агенттік) – «Хабар», «Хабар 24», «Kazakh TV» және «El Arna» телеарналарының (бұдан әрі - Телеарналар) меншік иесі, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес сайлауалды үгіт материалдарын (бұдан әрі – Үгіт материалдары) орналастыру үшін Телеарналарда эфирлік уақыт беру шарттары мен тәртібі, төлем мөлшері туралы хабарлайды.

Телеарналар Агенттік пен Парламент Сенатының депутаттығына кандидат (бұдан әрі - Кандидат) арасында немесе Кандидаттың уәкілетті өкілімен жасалатын жазбаша шарт негізінде эфирлік уақыт береді.

Телеарналарда эфирлік уақыт беру төмендегі Үгіт материалдарын орналастыру жолымен жүзеге асырылады:

1) бейнероликтер;

2) арнайы репортаждар;

3) өзге де Үгіт материалдары.

Кандидаттың не болмаса оның уәкілетті өкілінің Агенттік басшысының атына жазған жазбаша өтініші эфирлік уақыт беру туралы шарт жасау үшін негіздеме болып табылады. Үгіт материалдарының саны, хронометражы, эфирге орналастыру жоспарланған күн мен уақыт Кандидаттың не болмаса оның уәкілетті өкілінің жазбаша өтінішінде көрсетіледі, кейіннен олар шарт талаптарымен бекітіледі. Өтініш Кандидаттардың өтініштерін тіркеу журналында, кезектілік тәртібімен, әр жазбаша өтінішке реттік нөмір тағайындау және өтініштің келіп түскен күнін белгілеу жолымен тіркеледі.

Жазбаша өтінішке мынадай құжаттар қоса берілуі керек:

1) Кандидаттың тіркелгенін растайтын құжаттың көшірмесі;

2) Кандидат өкілінің уәкілеттігін растайтын құжаттың көшірмесі;

3) өтініш берген тұлғаның жеке куәлігінің көшірмесі;

4) шарт жасау үшін тұлғаның өкілеттігін растайтын құжаттар.

Телеарналар эфирінде Кандидаттардың Үгіт материалдарын орналастыру кезектілігі жазбаша өтініштердің келіп түсу ретімен не болмаса, егер өтініштер бір уақытта келіп түскен жағдайда, жеребе бойынша белгіленеді. Жеребе өткізу тәртібі мен шарттарын Агенттік белгілейді.

Егер жазбаша өтініш келіп түскен сәтте, сұратылып отырған уақыт ертерек жүгінген басқа Кандидатқа берілген болса, немесе техникалық мүмкіндіктерге байланысты берілуі мүмкін болмаса, Агенттік телеарналарының техникалық мүмкіндіктерін ескере отырып Кандидатқа үгіт материалдарын орналастыру үшін басқа уақыт ұсынады.

Үгіт материалдары төмендегі талаптарға сай болуы тиіс:

кодек MPEG2, Chroma 422, битрэйт 50 МБит/сек, секундына 25 кадр, мүмкіндігі 1920x1080, өрістету түрі interlaced, өрістерді құру тәртібі - үстіңгі бірінші өріс (top field first), кадрдың қатынасы 16:9;

аудио: PCM, WAV форматы, 24 бит, 48 kHz, шу - 12 ДБ, материалдың соңғы нұсқасында 1-стерео арнаның сол жақ жолына түйістірілуі керек, бірдей оң жақ жолды (жалған стерео) пайдалануға рұқсат етіледі.

Видео және аудио MXF OP-1a контейнерінде болуы қажет. Бейнематериалдар сыртқы тасымалдағыштарда (қатты диск, флеш карта) беріледі.

Электрондық тасымалдағышпен бірге эфирлік уақыт беру туралы шартқа қол қоюға уәкілетті тұлғаның қолы қойылған, Үгіт материалының мазмұны болып табылатын мәтіннің түсіндірмесі, суреттері Үгіт материалдарында пайдаланылған тұлғалардың жазбаша рұқсаттары, ал олар қайтыс болған жағдайда – мұрагерлерінің жазбаша рұқсаттары, жарнамалық материалдарда кәмелетке толмаған балалардың суреттері пайдаланылған жағдайда – ата-аналарының, қамқоршыларының, жанашырларының жазбаша рұқсаттары беріледі. Үгіт материалдарында олардың төленуі, қаржыландыру көздері туралы дыбыстық немесе визуалды ақпарат болуы тиіс. Үгіт материалдарын ұсынған Кандидаттар олардың мазмұнының Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына, соның ішінде авторлық және сабақтас құқықтар саласындағы заңнамаға сәйкес болуына дербес жауапты болады. Осы ақпараттық хабарламада көрсетілген тәртіп пен талап бұзылған жағдайда, сондай-ақ тиісті шарт талаптары бұзылған кезде Үгіт материалдарын эфирге шығару жүргізілмейді не болмаса бұзушылық жойылғанға дейін тоқтатылады. Егер Үгіт материалдарында конституциялық құрылысты күштеп өзгерту, республиканың тұтастығын бұзу, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіру, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, топтық және тектік араздықты қоздыру, қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа бас ұру, сондай-ақ заңдарда көзделмеген әскерилендірілген құрамалар құру идеялары болса, Агенттік оларды эфирге шығарудан бас тартады. Агенттік Үгіт материалдарында Қазақстан Республикасының Парламент Сенаты депутаттығына басқа да кандидаттардың арына, намысына немесе іскерлік беделіне зиян келтіруі мүмкін ақпарат болған жағдайда оларды эфирге шығарудан бас тартуға құқылы. Осы ақпараттық хабарламада көрсетілген эфирлік уақытты беру тәртібі мен талаптары Қазақстан Республикасы уәкілетті органдарының талаптарына сәйкес түзетілуі мүмкін.

 

Телеарналарда Үгіт материалдарын орналастыру құны және тілі

Телеарнаның атауы

Орналастыру тілі

1 минут үшін құны, ҚҚС-пен

1

Хабар

Қазақ / Қазақ және орыс

100 000 теңге

2

Хабар 24

Қазақ / Қазақ және орыс

100 000 теңге

3

Kazakh TV

Қазақ / Қазақ және орыс

40 000 теңге

4

El arna

Қазақ / Қазақ және орыс

40 000 теңге

 

Орналастыру құны Телеарналардың барлық қолжетімді хабар тарату орталарында (эфирлік аналогтық, эфирлік цифрлық, жерсеріктік, сондай-ақ кабельдік операторлар арқылы және Интернет желісінде онлайн хабар тарату) трансляциялауды және ретрансляциялауды қамтиды. Жасалған шарт бойынша Телеарналарда Үгіт материалдарын таратқаны үшін төлем жасау Агенттік ұсынған төлем шоты негізінде, шот берілген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

Агенттік жазбаша өтініштерді 2020 жылғы 24 шілдеден бастап 2020 жылғы 7 тамызды қоса алғандағы мерзімге дейінгі аралықта, демалыс және мереке күндерін есептемегенде, сағат 10:00 бастап сағат 18:00 дейін (жергілікті уақыт бойынша), үзіліс уақыты – сағат 13:00 бастап сағат 14:00 дейін, төмендегі мекенжайлар бойынша қабылдайды: Нұр-Сұлтан қаласы, Қонаев көшесі, 4, 9-қабат, телефондар: 8 777 578 48 72, 8 778 980 66 26

Жазбаша өтініштер факсимильді және Интернет байланыс арқылы қабылданбайды.

Эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, Кандидаттардан немесе олардың уәкілетті өкілдерінен Агенттікке келген кезде міндетті түрде бетперде мен қолғап киюді сұраймыз.