Хабар телеарнасы

Еліміздегі жолдардың сапасы сын көтермейді

Былтырғы жұмыстарға жасалған талдаудың қорытындысы осындай. Оларды жою бойынша қандай істер атқарылғанын ешкім нақты айта алмайды. Ал қазір жаңа жол учаскелерін салу мен қайта жаңарту жұмыстары басталды. Бүгінде республикалық маңызға ие 4 мың шақырым аумақта еңбек қызу жүріп жатыр. Бұған жергілікті жолдарды қосыңыз.

Жол жабындысы. Ол әдетте үш факторға байланысты бұзылады. Ыстық пен суық ауаның айырмашылығы және жауын-шашын. Аса ауыр жүк көліктерінің қатынауы және әу баста жол құрылысына сапасыз материалды пайдалану.

Тап осы соңғысынан бастасақ. Төселген асфальттің қаншалықты сапалы не сапасыз екенін және өңірге сай келетінін осындай арнайы зертханалар анықтап береді. Қазір жол құрылысы қызған шақ. Мамандар бір шақырымнан бір сынама алып, талдаудан өткізуден қолдары босар емес. Нәтиже қандай?

Әдемі Қонаева, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК зертхана меңгерушісі:

- Талаптар сақталып жатыр деп айта алмаймын. Қалдық кеуектілік жағынан кішкене төмен көрсетіп тұр. 100-ден 10% болатын шығар. Сол жерде ол материалды алып тастап, қайтадан жаңа материал салады.

Бұл айтылғандар елордадағы құрылыс жұмыстарына қатысты. Бақылаудың бар екені қуантады. Бірақ бейнекадрға қарап, жолдың жағдайына өздеріңіз бағасын беріңіз. Жайлы қатынасқа жарап тұрған Қонаев көшесі. Десе де оның беткі қабатын жаңартып жатыр. Неліктен?

Ерқанат Бексұлтанов, қалалық жолдарды салу және жөндеу бөлімінің басшысы:

- Зерттеу жүргізілді. Оның нәтижесінде жолдың үстіңгі төсенішінің нормативтерге сай келмейтіні анықталды. Ал оның Қабанбай батыр мен Мәңгілік ел көшелері арасындағы бөлігін жөндеу жұмыстары биылға жоспарланған.

Басқа қала мен аудандар бойынша да жағдай осыған ұқсас.

Нұрсұлтан Бекенов, «Сапалы жол адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің әкімшісі:

- Заңның қазіргі талабы бойынша жергілікті жолдарды жөндеу шешімін әкімдік қабылдайды. Енді жолдың жөндеуге жататын не жатпайтынын ведмоствалық талдау арқылы бағалауды ұсынудамыз. Осы арқылы оның құнын, қолданылатын материалды да білуге болады.

Қазір әр аймақта жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Онда жүздеген адам еңбекпен қамтылған. Жолдың экономикалық тиімділігі тек мұнымен шектелмеуі керек. Былтыр республика бойынша түрлі деңгейдегі жолдардан 12 мың сынама алынған. Соның бес мыңы стандартқа сай болмай шығыпты.

Замир Сағынов, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК бас директоры:

- Кейбір әкімдік бізбен жақсы жұмыс істейді. Бірге жүреді, мердігерлерін жинайды. Оны қалай жою жөнінде кеңес жасайды. Кейбір әкімдіктер бізді керек емес адам сияқты айқайлап, қажетсінбейді.

Енді көлік жолдарының сипаттамасына тоқталып өтсек, асфалт 15-17, бетон жол 20-25 жылға жарамды болуы керек. Десе де құрылысты жүргізген мердігерлер аудандық жолдарға 2-3, ал республикалық деңгейдегі жолдарға бес жыл кепілдік береді.

Бірақ кейбір жолдардың осы кепілдік мерзімге жетпей тозығы шығады. Тараз қаласындағы мына жағдай соның дәлелі. Қазіргі күйіне қарап, былтыр күзде төселген деп айта алмайсыз.

Юлия Капустина, серіктестік директорының орынбасары:

- Жобаны жасаған кезде қиыршық тастан төселген жол деп көрсетілген. Проблема осы жерден туындаған болуы мүмкін. Ал асфальт төсеуге жобалау жұмыстары кейін жүргізілген. Біз жобада көрсетілген талаптарды өз тарапымыздан орындадық.

Жол құрылысы тым қымбат деп ескерту айтылғандықтан ба әлде пандемияның әсері ме, әйтеуір «ҚазАвтоЖол»жол салу құнын алдағы уақытта 20-25% арзандатпақшы. Ал қазір бір шақырым салуға орташа есеппен 300-500 млн АҚШ доллары кетеді екен.

Қазақстанда 19 млн халық бар. Ал көлік саны 4 млн-нан асады. Оның 3,5 млн-ы жеңіл 90 мыңы автобус болса, қалған 440 мыңы жүк көлігі. «Міне, жолды талқандайтын осы жүк көліктері», –дейді мамандар.

Сондай-ақ жол құрылысында жемқорлық деректерінің жойылмай тұрғандығы тағы бар. Мәселен, өткен үш жылда бұл салада жемқорлықтың 100 фактісі анықталған. Арасында «ҚазАвтоЖол», «ҚазАвтоДор» компанияларының өкілдері мен жергілікті әкімшілік қызметкерлері бар. Ұрланған қаржы 2,7 млрд теңге. Ал биыл 4 мың шақырым жолды салу және қайта жаңарту көзделген.

Авторлары: Ердәулет Ыбырайұылы, Мерембек Ахмаханов