Хабар телеарнасы

Мақтаарал ауданынан 12 мыңға жуық адам қауіпсіз жерге көшірілді

Su baskan aimak

Тұрғындардың барлығы Атакент кентіне көшірілген.

Жандос Жұмабек, тілші:

- Халықтың дереу көшуін қамтамасыз ету үшін 68 автобус бөлінді. Сирена соғылысымен аудан орталығының тұрғындарын бірден көшіруге кірісті. Атакенттегі оқшаулау орындарына жеткізілген тұрғындарға қажетті көмектер көрсетілуде. Айта кетейік, бір мезетте шамамен 7-8 мың адам Атакент, Асықата кенттеріне тасымалданды. Себебі сарқынды су Мырзакент кентінің іргесіне жақындап қалған-тын. Төтенше жағдайға байланысты ауданда 18 эвакуациялық орындар нақтыланып, олар Атакент, Мақтаарал, Жамбыл елді мекендерінде әзірленді. Апаттан құтқару жұмыстарына 630 адам мен 2 су көлігі және 56 техника жұмылдырылды. Қазіргі таңда қауіпті аймақтағы азаматтар мен үй жануарларын қауіпсіз жерге көшіру шаралары ұйымдастырылуда. Бұл жұмыстарға Келес, Жетісай, Шардара, Сарыағаш аудандарының әкімшіліктері атсалысып жатыр.

Десек те, ауданда су басып қалу қаупі бар ауылдар әлі де бар. Солардың бірі – Жаңаауыл ауылдық округіне қарасты Фирдоуси елді мекені. Қазіргі таңда ауыл ортасындағы Фирдоуси жалпы орта мектебінің аумағына су көтерілген. Бұдан бөлек зерделеу, зерттеу жұмыстарының нәтижесінде су тасқыны кезінде Жаңа жол мен Еңбекші ауылдық округтеріндегі 3 елді мекенде 1682 гектар ауыл шаруашылығы дақылдары зардап шекені анықталып отыр.

Алдын ала болжамдық есеп бойынша 181,1 млн теңгенің шығыны есептелінген. Атап айтқанда, 1480 гектар мақта 148 млн теңгеге, 42 гектар жоңышқа 2,1 млн теңгеге, 150 гектар бақша 30 млн теңгеге және 10 гектар жүгері шығынға ұшарады деп болжануда. Сондай-ақ аталған 4 елді мекенде 5335 мал басы тіркеліп, оның ішінде 799 мал басы зардап шегіп, 249 млн шығынға ұшараған. Оның 328-і – ірі қара, 361-і – ұсақ мал, 53-і – жылқы, 57-сі – түйе. Мақтааралдан 46, Жетісайдан 10, Шардарадан 5 – барлығы 61 ветеринарлық дәрігер Жантақсай, Фирдоуси елді мекендеріндегі 3686 малды эвакуациялау жұмыстарын толық аяқтады.

Дегенмен, су басып қалған аймақтарда қанша малдың суға кеткенін анықтау әзірге мүмкін болмай отыр. Өйткені су басқан аймаққа кіру мүмкін емес.