Хабар телеарнасы

Қостанай облысындағы 8 өзеннің су деңгейіне тәулік бойы бақылау жүргізіледі

Әсіресе Торғай және Обаған өзендерінің салалары мамандардың алаңдаушылығын тудырып отыр. Сол өзендердің бойындағы аумақтарда қар әсіре қалың. Кей жерде 80 см-ге дейін жетеді. Сәуір айының алғашқы он күндігінде жаппай қар ери бастайды деп күтіліп отыр. Сол кезде алқаптардан келетін су өзендерге құйылады. Оның тиімді тұсы да бар. Соңғы жылдары судың аздығынан өзен-көлдер таязданып кеткен еді. Су қоймалары да жартылай бос. Биыл соның орнын толтырып алуға мүмкіндік туып отыр.

Лариса Кузьмина, «Қазгидромет» РМК ҚФ директоры:

- Біздің мамандар су қоймаларына құйылатын су көлеміне болжам жасады. Жоғарғы Тобыл және Қаратомар қоймаларына жылдық нормаға сай су келеді деп күтіліп отыр. Орташа есепппен 160-тан 240 текше метр шамасында болуға тиіс. Ал облыстың оңтүстік бөлігіндегі Торғай өзенімен жалғасатын Қараторғайда су деңгейі нормадан жоғары болады.