Хабар телеарнасы

Алматы облысындағы Балқаш ауданында асылтұқымды ірі қара үлесі артты

Жергілікті шаруалардың галштина фриза, гере-форд, авердин ангус, әулиекөл және қазақтың ақбас сиырына деген қызығушылығы әлі де жоғары. Дегенмен Желтораңғы ауылы маңындағы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің бірі өткен жылы Ресейден 600 бастан астам қалмық тұқымды сиырын әкеліп, жерсіндіруге кірісті. Олар биыл алғашқы төлін ала бастаған.

Желтораңғы жеріне өткен жылы 622 бас қалмық тұқымды сиыр әкелінсе, биыл қосымша 176 бас жеткізілген. Шаруашылықтағылар аталған Зеңгі баба төлінің санын алдағы 5 жылдың ішінде 5 мың басқа дейін жеткізуді жоспарлап отыр.

Талғат Тарақбаев, шаруашылықтың іс басқарушысы:

- 800 бас бар, 200 бас енді әкелінеді, оның бәрі дайын. Орман шаруашылығынан жалға 15 мың гектардай жер алғанбыз. Соның бәрін түгел малға толтырамыз деген ойдамыз.

Қалмық тұқымы таза етті бағыттағы сиыр болғандықтан, қай өңірге де тез бейімделеді. Бастапқыда әкелінген аналық бас қазірдің өзінде алғашқы төлін бере бастаған.

Талғат Тарақбаев, шаруашылықтың іс басқарушысы:

- Мұның ерекшелігі – өте төзімді мал екендігінде. Шөлге де, шөпке де төзімді. Аналық бас салмағының өзі қазір 390 – 400 келі болып тұр.

Жаңадан құрылған шаруашылықта 16 адам жұмыс істеп жатыр. Барлығы жергілікті азаматтар. Желтораңғы ауылы маңынан болашақта 2 мың бас мүйізді ірі қараға арналған мал бордақылау алаңы салынады. Балқаш ауданы биыл шетелдерге 275 тонна ет экспорттауы тиіс.

Бауыржан Дәрібаев, аудан әкімінің орынбасары:

- Былтырғы жылы 1200 бас немесе 307 тонна ет Өзбекстан Республикасына экспортталды. Жоспарымыз былтыр 200 тонна болса, 307 тоннаға, яғни 153% орындағанбыз.

Үкіметтің малды шетелдерге тірідей экспорттауға шектеу қойғаны белгілі. Сондықтан жергілікті шаруашылықтар көршілес Қытай Халық Республикасына ет экспорттауға рұқсатын алып, арнайы реестрге тіркелді. Балқаш ауданы бойынша ірі қара саны бүгінде 90 мың басқа жеткен. Соның 27 проценті асылтұқымды мал. Ауданда 5 мың басқа арналған мал бордақылау алаңы жұмыс істеп тұр. Өткен үш жылдың ішінде 50 мың гектардан астам пайдаланылмай жатқан жер мемлекетке қайтарылып, қолынан іс келетін азаматтарға берілген.

Бауыржан Дәрібаев, аудан әкімінің орынбасары:

- Аудандық прокуратура пайдаланылмай жатқан жерден 36 мың гектар жер берген. Сонымен қазір жұмыс істеп жатырмыз. Арнайы инспекция бар. Өткен жылы екі рет конкурс өткіздік. Биыл тағы да хабарландыру беріп жатырмыз. Жайылымдық жерлер беріліп жатыр. Ондай бір жер жетпей жатқан проблемалар жоқ.

Алматы облысы өткен жылы шетелдерге 8 мың тонна ет экспорттады. Болашақта бұл көрсеткішті 25 мың тоннаға жеткізу жоспарланған. Ол үшін бір мезгілде 100 мың бас ірі қара ұстауға арналған мал бордақылау алаңдары салынып жатыр.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев