Хабар телеарнасы

Қарағандыда тазалыққа жауапты мекеме басшылары жазаланды

Соның салдарынан бірқатар коммуналдық мекеме басшылары жауапқа тартылды. Өз ісіне салғырт қараған қызметкерлер енді 10 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді. Бұл туралы Полиция департаментінің баспасөз қызметі айтты.

Әлеуметтік желіні шарлап кеткен бейнежазба жаңа жылдың алғашқы күні түсірілген. Қарағанды-Нұр-Сұлтан бағытындағы күре жол жабылып, салдарынан бірнеше шақырымға созылған көлік кептелісі пайда болады. «Бұл келеңсіз жағдай коммуналдық мекеме басшыларының салғырттығынан туындап отыр», – дейді көлік жүргізушілері.

Қайыргелді Төлеуұлы, көлік жүргізушісі:

- Бір тәулік баламен жолда жаттық. Сол жерде 300 көлік тұрды. Соңы саяжайға дейін жетті. Таңертең 12:00-де ғана босатты. Оның өзінде партия-партиямен. Себебі жол жабық болды. Бірақ жол тап-таза, тек күрелмеген.

Айбатыр Сүйіндіков, көлік жүргізушісі:

- Жолды уақытылы тазаламайды. Біз не үшін ақша төлейміз онда ол жолға. Келіп терминалға айтамыз, олар құлақ аспайды. Техника жібердік дейді, на самом деле техника көрмейміз жолда. Сол үшін жол жабылады. Если платный болса, техника күні-түні жүру керек қой.

Жолаушылардың наразылығынан соң тексеріс жүргізген тәртіп сақшылары шынымен де жолдың кейбір тұстары қардан аршылмағанын анықтады. Осылайша 4 бірдей коммуналдық мекеме басшысына айыппұл салды.

Жанатай Сембеков, Полиция департаментінің баспасөз қызметінің басшысы:

- Жолдарды күтіп ұстау ережелерінің талаптарын орындамағаны үшін, көлік құралдарының қауіпсіз және үздіксіз қозғалысын қамтамасыз етпегені үшін Қарағанды облысы Полиция департаменті қызметкерлерімен осы жол учаскелеріне жауапты мекеме басшылары тиісті жауапкершілікке тартылды.

Қазір Қарағанды өңіріндегі республикалық маңызы бар жолдарды қардан тазалау және басқа да жұмыстарға барлығы 195 техника жұмылдырылған. Бірақ бұл жеткіліксіз. Оның үстіне биыл өңірге қар қалың түскен. «Дегенмен келісімшарт талаптарын орындамаған, яғни жол тазалығын қамтамасыз етпеген жауапты мекемелер жазасыз қалмайды», – дейді «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының өкілдері.

Сырым Хамзин, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ҚОФ директорының орынбасары:

- Мекемелердің арасындағы қарым-қатынасты реттейтін негізгі құжат – келісімшарт. Сол келісімшартта көрсетілген талаптар бойынша ықпал ету шаралары қолданылады.

Өкінішке қарай, қазіргі таңда қалаішілік жолдардың да жағдайы мәз емес. Қалың қардан аяқ алып жүре алмайсың. Ал абаттандыру ережесіне сәйкес ақ ұлпа жауған соң 3 күн ішінде аршылуы тиіс екен. Желтоқсан айының соңғы күндері жауған қалың қардан қаланың кейбір көшелері әлі тазаланған жоқ. Бұған жауапты коммуналдық қызмет тек орталық көшелерді қардан аршып жатыр. Бір қызығы, айыппұл арқалағандардың арасында бұл мекеме жоқ.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин