Хабар телеарнасы

Ат әбзелдерін жасаушы алматылық ұстаға арнайы тапсырыс берушілер көп

Атадан балаға мұра болып келе жатқан өнерді жалғастырушыларға халықтың құрметі қашанда жоғары. Ер-тоқым, жүген, ноқта, құйысқан сынды ат әбзелдерін жасаушы Ырысқали Рахметұлы Алматы облысы Жандосов ауылында тұрады. Оның қолынан шыққан ер-тұрманға қазіргі кезде қызығушылар көп.

Тәуелсіздік алғаннан кейін ұлтымыздың ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрімен қатар, ұлттық қолөнері де қайта жаңғырды. Қазіргі кезде шеберлер қолынан шыққан дүниелерді елімізге саяхаттап келген туристер кәдесый ретінде өз елдеріне алып кетіп жатады.

Ырысқали Рахметұлына ұсталық атасынан дарыған. Ауыл тұрмысына аса қажет құрал-сайманды, ер-тұрманды жасауды қолға алғанына 20 жылдан асыпты. Қазір оның шағын ұстаханасында үйеңкіден шабылған ер-тоқымның бірнеше түрі бар.

Ырысқали Рахметұлы, ұста:

- Алдыңғы жылы 25 ер-тоқым жаптық. Үлкен баламды да үйреттім. Бірақ қазір ол ер-тоқымға қызықпайды. Оның өнері домбыра, қобыз болып кетті.

Ұстаның екі ұлы бар. Екеуі де әке жолын жалғастырды. «Ата көрген оқ жонар» деген осы болар. Ырысқали Рахметұлы өз білгенін ауыл жастарына да үйретуден қашпайды. «Кейінгі ұрпаққа мұра болып жалғасса», – дейді ол.

Ұстаның қолынан шыққан ер-тұрманға еліміздің алыс-жақын аймақтарынан арнайы тапсырыс берушілер көп. Шебердің қолынан шыққан мұндай бұйымдар қазір бағалы. Мысалы көкпарға шабылған ер-тоқым мен оған қосымша тартпа бауы, үзеңгі, өмілдірігімен қосқанда барлығы 400 мың теңге шамасында тұрады.

Авторлары: Алмас Садуақас, Кенже Амраев