Хабар телеарнасы

Оралда мектеп директорларына айыппұл салынуы мүмкін

Егер жарты жылда кемшіліктер түзелмесе, мектеп басшылары сотқа тартылады. Бұл туралы Орал қалалық Сапаны бақылау және тауарлар мен қызмет қауіпсіздігі басқармасы мәлімдеді. Ал білім ордаларының басшылары алты айдан кейін артық баланы қайда жіберерін білмей дал.

Орал қаласында үш ауысымда білім беретін 5 мектеп болса, соның үшеуі Зашаған кентінде. Бірі – №10 мектеп. 1200 орынға арналған білім ордасында бүгінде 3 мың бала бар. Мектеп ұжымы сапалы білім, саналы тәрбие беруге тырысқанымен, кейбір қиындықтар бар екенін жасырмайды.

Сәуле Айтқалиева, №10 мектеп директорының орынбасары:

- Оқу бағдарламасын орындауда барлық мүмкіндікті жасап, білім берудеміз. Бірақ мектебімізде мұғалімдер бөлмесі, мұғалімдердің демалатын орны жоқтығы кішкене қиындық келтіруде. Сондықтан да болашақта осы ауданда жаңа мектеп салынса дейміз.

Таяу келешекте мұндағы мұғалімдер мен директор қосымша класс ашу үшін бөлмелерін балаларға беріп, өздері дәлізге көшуі де әбден мүмкін. Себебі Сапаны бақылау және тауарлар мен қызмет қауіпсіздігі басқармасы сыныптағы оқушы санын 25-тен асыруға болмайды деп отыр. Әзірше 16 мектеп басшысына айыппұл салмай, ұйғарыммен шектеліпті.

Ал мектеп басшылары өздерінің неден жазықты болғандарын білмей дал. Алты ай ішінде олар не сынып санын көбейтуі, не оқушы санын кемітуі тиіс. Былай тартса өгіз өледі, былай тартса арба сынады.

Наталья Дүйсенова, №47 мектептің директоры:

- Көпқабатты үйлердің құрылысы жүруіне және сондағы қоныстанушылардың саны көптігіне байланысты сұраныспен келеді. Біз оларды оқумен қамтамасыз етпеуге құқымыз жоқ. Мектеп осы аудандағы балаларды оқытуға арналған, сондықтан да біз ата-аналар сұранысына жоқ деп жауап бере алмаймыз. Сол себепті балалар саны көбейіп отыр.

Оралда оқушылар саны күрт көбейіп келеді. Егер осыдан 10 жыл бұрын орта мектептерде 30 мыңдай шәкірт болса, бүгінде 50 мыңға жеткен. Ал мектеп құрылысы, әсіресе жаңа шағын аудандарда халықтың өсіміне ілесе алмай отыр.

Батиқа Пайдина, Орал қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары:

- Бұл мәселені шешу мақсатында ең бірінші жаңа мектептердің құрылысы басталады. Зашағанда №51, №52, №53 мектеп құрылысы салынуда, тағы екі мектеп жобалары басталып жатыр. Сондықтан №47 мектептің, сондай-ақ №10, №30, №20 мектептердегі бала саны азаяды.

Жаңа білім ордалары бой көтергенше оқушы орны жетіспеу проблемасын бір ауысымда оқытатын мектептердің мүмкіндіктерін пайдалану арқылы шешу жолдары да қарастырылмақ. Бүгінде шаһарда 51 мектеп болса, соның 5-еуінде сабақ үш, ал 7-еуінде бір ауысымда жүреді. Қалғандары екі ауысымда білім береді.

Авторлары: Ерденбек Жылқайдарұлы, Руслан Ғазезов