Хабар телеарнасы

Оралдағы ең көне театр күрделі жөндеуден өтеді

Сәулеттік ғимараттың қазіргі жағдайы сын көтермейді. Өнер ордасының төбесі құлап, қабырға қаусап тұр. Көрермен залы да әбден ескірген. Соңғы рет нысанның шатыры 2017 жылы ауыстырылған екен. Ол үшін жергілікті бюджеттен 22 млн теңге бөлінген. Бірақ жұмыс сапасыз атқарылып, шатырдан су аға бастаған. Тексеріс кезінде айтылған кемшіліктер расталып, қылмыстық іс қозғалды. Енді қоғам белсенділері осындай олқылыққа жол берген адамдарды жауапқа тартуды талап етіп отыр. Театр директоры Бас прокуратураға шағым түсірді. Енді ғимаратты жөндеу бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленеді.

Сайран Дүйсенов, мәдениет басқармасының басшысы:
-8 күннен кейін конкурс түгелдей аяқталады. Содан кейін ғылыми жобалау жұмысы басталады. Ғылыми жобалау жұмысының ішінде театрдың барлық нәрсесін кірістіріп отырмыз. Оның ішінде жарығы да бар, оның ішінде дыбысы да бар. Оның ішінде төбесі де бар. Іштегі жөндеулердің бәрін қайта жасайтын боламыз.

Биыл театрға 165 жыл толады. Қазір өнер ұжымы демеушілердің көмегімен жөндеп, сырлау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Келеңсіз жағдайға қарамастан, олар жұмысын тоқтатқан жоқ. Группа кезекті қойылымға дайындықты да тоқтатпаған.