18:00Эфирде: «Убить Билла 1» кино
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Көкарал бөгетіне қауіп төніп тұр

  • Категория: Сюжеттер
Көкарал бөгетіне қауіп төніп тұр

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Арал мәселесін үнемі басты назарда ұстап келеді.

Кезінде БҰҰ мінберінде тұрып: «Арал теңізінің жойылуы – біздің өңірге ғана емес, бүкіл әлемге қауіпті мәселе», – деген болатын. Кіші Аралды сақтап тұрған Көкарал бөгеті де тікелей Елбасының тапсырмасымен салынды. Алайда сол бөгетке бүгінде қауіп төніп тұр. 2005 жылы салынған алып құрылғыны арнасынан ауытқыған Сырдария суы мүжуі мүмкін. Бұл туралы осы жылдың мамыр айында Сыр өңіріне іс-сапармен барған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та мәселе көтерген еді.

Нұрбек Әмиша, тілші:

- Көкарал бөгеті. 2005 жылы пайдалануға берілген нысан 10 жылдан аса халық игілігіне пайдаланылып келеді. Кіші Аралдың негізгі сақтаушысы да осы. Яғни стратегиялық нысан болатын. Алайда бүгінде Көкарал бөгетінің басына бұлт үйіріліп тұр. Себебі теңізге құятын негізгі өзен Сырдария бөгеттің жоғарғы жағынан із салып, үлкен дамбаға қауіп төндіріп тұр. Бұл мәселе қалай шешілмекші?

Ұзындығы 13 шақырымдық Көкарал бөгеті кепкен теңіз бен Кіші Аралдың арасына салынған. Ол артық суды ұлы теңізге ағызып, қалған уақытта кіші теңіздің суын ұстап тұрады. Инженерлер бөгетті толқын тікелей соқпайтын етіп, жағасын жайпақ етіп жасаған.

Алайда Сырдария өз арнасын өзге тұстан салып, Көкарал бөгетінің қабырғасын қазып кету қатерін тудырып отыр. Егер дария суы дәл гидроқұрылғының өткізгішіне келмесе, онда Кіші Аралдың суы бөгетті бұзып, миллиардтарға салынған Көкарал көкке ұшты дей беріңіз.

Марат Бозғұлов, Ақлақ гидроторабы және солтүстік Арал теңізі тоғаны жетекшісі:

- Судың Көкаралда тұрғанына 13 жыл болды. Енді оның Сырдария өзенінің аяқ жағын тазалау керек. Көкарал бөгетінің жиегінен ор қазып алған. Сол жуып, су бірден жиегімен барады. Яғни бұрынғы арнасымен бармайды. Соны бөгеу керек.

Мәселенің анық-қанығын білмек үшін жаңа арна салған тұсқа келдік. Алып құрылысты апатқа ұшыратуы мүмкін мына қос өзекті енді бөгемесе, жағдай шынында ушығуы мүмкін.

Мұхтар Оразбаев, Арал ауданының әкімі:

- Келешекте бөгеттен айырылып қалатын болсақ, теңізден, балық шаруашылығынан да айырылып қаламыз. Біріншіден, ауданның экологиялық мәселесі ушығады. Құрғаған теңіздегі қаншама шаң-тозаң ауаға көтеріліп, қоршаған ортаны ластайды.

Енді Сырдария арнасын реттеу және солтүстік Аралды құтқару жобасының екінші кезеңі жүзеге асса, теңіз жағалаған жұрттың жағдайы бұдан да жақсарады деген сенім бар.

Қырымбек Көшербаев, Қызылорда облысының әкімі:

- Күміскеткен су қоймасы, қараөзек, көктемгі суды алып, суармалы жерлерге су жеткізу үшін. Қараөзек көлдер системасы 60 шақты көлге қажетті суды қамтамасыз ететін су қоры болуы керек. Осы жобалардың бәрі солтүстік Аралдың екінші кезеңі аясына кірген. Жоба іске асса, Аралдың болашағына үмітпен қарауға болады.

Кіші Аралдың күретамыры Сырдария өңірінің өмірін сақтап отыр. Сондықтан бұрылған арнаны бөгеуден аралдықтар үлкен үміт күтеді.

Авторлары: Нұрбек Әмиша, Әлхайдар Тұрлыханов

Сондай-ақ...