18:00Эфирде: «Убить Билла 1» кино
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Алдағы демалыс күндері қар жауып, күн суытады

Алдағы демалыс күндері қар жауып, күн суытады

Шуақты күн, жаңбыр, қар, жел мен туман.

Бұлар әдетте жылдың әртүрлі мезгілінде болатын табиғат құбылысы. Дегенмен соңғы бір тәулікте еліміздің өңірлерінде осы аталғанның бәрі көрініс тапты. Мамандар Қазақстандағы құбылмалы ауа райы алдағы демалыс күндері де сақталады дейді.

Нағыз көктем әзірше тек оңтүстік өңірде ғана анық сезіледі. Шуақты күнде жергілікті халық тіпті қызғалдақ фестивалін атап өттті. Ал солтүстікте ше?

Мұнда Есіл өзені арнасынан тасыды. Судың деңгейі тек соңғы тәулікте 12 см-ге көтерілген. Салдарынан Петропавл қаласының шетінде орналасқан Заречный кентіндегі 100-ден астам саяжай учаскесін су басып қалды. Қазір онда ешкім тұрмайды. Дегенмен бұл маң құтқарушылар бақылауында.

Рамиль Қамалов, облыстық ТЖД бастығы:

- Көктем келгелі түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұл қалыпты жағдай деседе болады. Өйткені жылда осы учаскелер су астында қалады. Саяжайлардың нақты есебін білу үшін дронның көмегімен әуеден бақылауды жоспарлап отырмыз.

Ердәулет Байдуллаев, тілші:

- Елордаға көктем кеш келеді. Табиғат ана мұның шынайлығын тағы бір рет дәлелдеп бергендей. Елордалықтар жоспарын өзгертіп, қар күреуге тура келіп тұр.

Күрек қана емес, кей жерлерде қарды жинап сыртқа шығару үшін арнайы техниканың да көмегі қажет болды.

Бекзат Бұланбаев, жүргізуші:

- Өзімізде қар жауғанына таңғалдық. Техникамызды гаражға қойып қойғанбыз. Қайтадан шығарып, қар тазалап жатырмыз.

Қарағандыдағы ахуал тіптен қиын. Ауа райының қолайсыздығына байланысты түске дейін барлық бағыттағы жолдарда қозғалыс тоқтады. Бірнеше сағатта облыс орталығының өзінде 20 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бір қуаныштысы жарақат алғандар жоқ.

Ал Атырау толассыз жауған жаңбыр мен бораннан кейін күн шайдай ашылды. Термометр бағаны 10 градусқа дейін көтерілді. Бұған бағбандар қатты қуануда.

Анна Ромашкова, бағбан:

- Мен талдардан гөрі гүлдерім үседі деп қорыққан едім, бүгінгі жылылыққа бойларын тіктеп келеді. Басқа жүзімдіктер де аман. Тек өрік ағашы қатты зардап шекті. Биыл өнім бермейтін болар.

Айнұр Қайынбаева, инженер-синоптик:

- Алдағы демалыс күндері еліміздің солтүстігінде бұлтты,жаңбырмен қар аралас, жауын-шашын, түнгі ауаның температурасы -10 градусқа дейін сақталады. Мұндай ауа райы елімізге Карск аумағынан келетін циклон және онымен фронтальды бөліктерге байланысты өз әсерін тигізеді.

Ал еліміздің оңтүстік бөлігінде қатты жаңбыр жауып, найзағай соғады. Бұршақ болуы да мүмкін. Дегенмен ауа температурасы күндіз 22 градусқа дейін жоғарылайды.

Авторлары: Ердәулет Байдуллаев, Айбын Құсанбеков, Самат Курбиев

Сондай-ақ...