Хабар телеарнасы

Парламент палаталары елорданың атауын өзгертуді мақұлдады

Ата Заңға сай Үкімет Астананың атауын өзгерту туралы түзету енгізу үшін республикалық референдум өткізу туралы Қазақстан Президентіне ұсыныс жасады. Президент оны референдумға шығармай, Парламент қарауына жіберу туралы бірден шешім қабылдады. Мұны Конституциялық Кеңес қолдады. Ұсынылған түзетулерді Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары да құптады. Сөйтіп заң жобасын қос палатаның депутаттары қарады.

Қуаныш Сұлтанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Жар құлағы жастыққа тимей, бүкіл дүниені шарлап, алыс бейтаныс елдерді Қазақстанға дос етті, бауыр етті. Олар біздің Елбасымыздың халықаралық ұтқыр саясатын мойындап, қандай да қайшылық тұстарға Нұрсұлтан Назарбаевпен ақылдасатын, санасатын болды. Сондай ерлік жобаларының ең әйгілісі – Астана. Астана қаласын «Нұр-Сұлтан» деп атау ұсынысын қолдаймын, қолдауға шақырамын!

Елорда – Тұңғыш Президенттің ерен еңбегі болса, ерлікпен пара-пар ерекше төл жобасы. Сөз алған депутаттардың барлығы бас шаһарға Ұлт көшбасшысының есімін беруді жаппай қолдады. Астананың «Нұр-Сұлтан» аталуы тарихи әділ шешім деп бірауыздан құптап дауыс берді.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:

- Сенаттан қатысып отырған 43 депутат, Мәжілістен 102 депутат жақтады. Сонымен құрметті әріптестер, тарихи шешім қабылданды.

Осылайша бойына әлем жауһарын жинай алған құрылыс кеңістігіне айналған Астана, соғысушы тараптарды сабырға шақыра білген Астана, ұлт бірлігінің символы болған Астана енді «Нұр-Сұлтан» қаласы болып аталады.

Индира Жылқайдарова, тілші:

- Иә, Нұр-Сұлтан қаласы – бүгінде көркі көз тамсандыратын, сән салтанаты жарасқан үлкен шаһар. Арқаның төсіне көшіп келген жылдары мұндағы тұрғын саны 300 мыңдай ғана болған, қазір экономикалық әлеуеті артып, халқы 1 млн-нан асып жығылды.

Жалпы халқы көреген кемеңгер, қайталанбас қайраткер деп таныған ұлы тұлғалардың есімін қалаға беру – әлемде бар тәжірибе. «Бұл жерде ешқандай қайшылық жоқ», – дейді депутаттар. Айта кетейік, туу туралы куәлік, диплом, жүргізуші куәліктерін дәл қазір ауыстырудың қажеті жоқ. Олардың мерзімі аяқталғанша заңды болып есептеледі.

Авторлары: Индира Жылқайдарова, Абдолла Исаев