Хабар телеарнасы

Еуразиялық экономикалық одақ керек пе?

Апта басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Сингапур Президенті Халима Якобты қабылдады. Бірқатар екіжақты құжатқа қол қойылды.

Сингапур – өте сенімді сауда серіктесі. Өткен жылы өзара сауда 2 млрд доллар шамасында болса, Сингапурдан Қазақстан экономикасына құйылған қаржы – 1,5 млрдқа жуық. Президент мәртебелі мейманды І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Сингапур халқын тар жол, тайғақ кешуден алып шығып, осындай үлкен дәрежеге жеткізген реформатор-президент Ли Куан Ю былай деген еді: «Режімді де, реформаларды да, тіптен президентті де сынауға болады. Бірақ Сингапур мемлекетінің болашағы жоқ, ол алып державалардың көлеңке сателлиті деп айыптау – ел келешегіне қарсы шығу».

Сингапурды сынаған Европа мен Америка баспасөзімен үнемі соттасып, Нью-Йорк, Лондон, Париждегі айтулы газет-журналдарға кешірім сұратқан. Халықаралық жиындардан қалмай Сингапур жолын айқындап отырған.

Сәрсенбі күні Қасым-Жомарт Тоқаев екі аптадан кейін Мәскеуге тағы да ат басын бұрды. Ол алғашқы сапарында Европа елдерін, Ресей, Украина, Беларусь жерін фашизмнен азат ету соғысында қаза тапқан ата-апаларымыздың рухына бағыштап құран оқытты. Ал бұл жолы ІІ Еуразиялық экономикалық форумға қатысып, сөз сөйледі. Еуразиялық одақ аясындағы интеграция тек экономикалық сипатта ғана жүруі керек деген Президент негізгі ұстанымын айтты. Қазақстан қандай да бір одақтас мемлекеттер құруға немесе олардың құрамына кіруге ниетті емес және оны жоспарлап отырған жоқ. Осылайша Қазақ елі басшысының аталы сөзі, көршілеріміз Қырғыз бен Тәжік және Армения мемлекеттерінің мүддесін, сол елдердің президенттерінің көкейлерінде жатқан, бірақ айта алмаған ойларын дөп басты.

Осыдан 8 жыл бұрын Еуразиялық экономикалық одақ құрылғанда оның мүддесі біреу болатын. Ол – одаққа мүше елдер үшін теңдей тиімді экономикалық байланыс орнату, осылайша еуразиялық кеңістікте Еуроодақ секілді, кедергісіз, бекем бірлестік құру еді. Әуелде бәрі әдемі басталған. Кез келген кедергі уақыт өте жойылады деген болжам да болған. Бірақ, уақыт өте берді, ал кедергілер керісінше көбеймесе, азайған жоқ.

Бақытжан Сағынтаев, ЕЭК экономика және қаржы саясаты жөніндегі алқа мүшесі:

- Осы төрт салада бәрі емін-еркін жүріп тұруы керек. Ал бірақ олардың әрқайсында әртүрлі кедергі бар. Ол туралы жаңа кәсіпкерлермен болған сессияда айтылды. Бүгінгі күні 62 барьер алынып тасталды. Қазір 15-і қаралып жатыр. Бірақ енді әртүрлі жағдайға байланысты әр жерде, әр мемлекетте барьерлер бар. Оның кейбіреуі анау біздің одақ құрылмай тұрып қалыптасқан. Әлі шешілмей жатқан жағдайлар бар, мысалы. Оны кәсіпкерлер көтеріп жатыр.

Экономистердің сөзінше, одақ жұмысындағы теңсіздік пен әділетсіздіктің тағы бір көрінісі салық саласында. Бізге мәлім, бір ғана мысал. Ұйымға мүше елдер импорттан түсетін салықтың белгілі бір бөлігін Еуразиялық экономикалық комиссияның шотына аударады. Ал жиналған қаржының 85 процентін Ресей алып отыр. Қазақстанның үлесі небәрі 7 процент қана. Қаржыгерлер бұл мәселені соңғы жылдары көтеріп-ақ жүр. Алайда нәтиже жоқ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Одақ тек ұйымға мүше мемлекеттердің экономикасын дамытудың және халықтарының әл-ауқатын жақсартудың бір құралы екенін түсіну маңызды. Сондықтан экономикалық интеграцияның жетістігі стратегиялар, келісімдер және шешімдердің санымен емес, керісінше жаңа өндірістер, технологиялар және жұмыс орындарымен бағаланады. Біз үшін 2015 жылғы шартта көрсетілгендей, ЕАЭО аясындағы интеграция, ең алдымен экономикалық сипатқа ие.

Осылай деген Президент бұл ұйымның ешқандай саяси астары болмауы қажет екенін тағы бір еске салды. Алайда қазір үй ішінен үй тігіп, одақ ішінен одақ құрып отырған мемлекеттер бар. Оның айқын дәлелі – Ресей мен Беларусь ынтымақтастығы. Тіпті өзара одақтасуы деп айтуға да болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл одақтың концептуалдық және идеологиялық негізі өте тереңде жатыр. Олар өзара мәдени, тілдік, діни тұрғыдан мойындап, біз бір елміз деген тұжырымға келіп отыр. Осылайша әлемнің саяси тарихында «екі ел – бір мемлекет» формуласындағы ерекше жағдай орын алды. Аталған екі елде бәрі ортақ. Саяси, әскери, экономикалық және валюталық кеңістігі бірігіп кеткен. Тіпті ядролық қаруы да екеуара біреу. Ал мұндай жағдайда бізге қалай жұмыс істеуге болады?

Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл мәлімдемесі қазір ТМД елдерінде қызу талқыланып жатыр. Расында көршілеріміздің мұндай әрекетінен одаққа, қала берді біздің елге қандай қауіп бар?

Жұмабек Сарабек, саясаттанушы:

- Егер Ресей мен Беларусь осылай бірлесіп жұмыс жасайтын болса, онда қандай да бір мәселе бойынша дауыс берген кезде біздің және басқа мемлекеттердің мүддесіне зиян тиюі мүмкін. Ендеше бұл жерде Тоқаев мырзаның айтқысы келген мәселесі түсінікті.

Жалпы бізге бұл одақ қаншалықты қажет? Мүмкін одан шығу керек шығар? Қазақ қоғамында мұндай пікір әуелден болған, қазір тіпті жиі әрі қаттырақ айтылып жүр.

Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс, АҚШ пен Еуропа елдері салған санкциялар салқыны одақтастардың ортақ проблемасына айналғалы қашан.

Ербосын Нұрмұхан, экономист:

- Соғыстың арты неге әкеледі? Соғыстың арты күйреуге әкеледі. Сонда экономикасы бізден 10 есе жоғары әріптесіміз күйрейтін болса, онда біздің де жағдайымыздың не болатыны белгілі. Сондықтан бұл одақтың болашағы бұлыңғыр.

Экономикалық одақ – үлкен нарық және ол бізге керек нарық. Егер осы экономикалық одақ құжатында көрсетілген негізгі төрт принцип сақталса, сол жұмыс істесе, одақтың пайдасын көл-көсір көруге болар еді. Олай болмай тұр. Ал экономистердің ұсынысы мынадай.

Әнуар Нұртазин, экономист:

- Қазіргі геосаяси жағдайға байланысты Еуразиялық экономикалық одақтың штаб пәтерін Қазақстанға көшіруге болар еді. Бұл – көп қауіптен аулақ болуға мүмкіндік береді. Ал оны қай қалаға орналастырамыз дегенге келсек, Алматы мен Астана онсыз да осындай халықаралық ұйымдарға лық толы. Мен оны Батыс Қазақстанның аумағына жайғастыруды ұсынар едім. Бұл – Ресейге жақын әрі кезінде Қазақстанның астанасы болған Орынбор қаласынан да алыс емес.

Штаб-пәтерді көшіру идеясын кейбір Ресей сарапшылары да қолдайды. Бірақ онда белгілі бір жүйе болу керек.

Николай Кульбака, сарапшы:

- Бірақ бұл ротация секілді дүние болуы тиіс. Яғни үнемі бір жерде отыратын кеңсе емес, көшпелі орган болуы қажет. Сонда ғана оның жұмысына сенімділік артады. Ал бір жерде тұрақты орналасқан штаб-пәтер болса, онда мәселелердің барлығы қай жерде және кімнің ықпалымен шешіліп жатқаны айтпаса да түсінікті болады.

Одақта қордаланған мәселелерді шешу үшін оның маңына бейтарап көзқарастағы білікті дипломаттар мен білімді сарапшылар топталуы керек. Сондай-ақ әлемнің айтулы ұйымдарымен қырық-пышақ болмай, керісінше жақындай түсу де маңызды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сондықтан одақтың экономикалық мүддесі үшін халықаралық ұйымдармен байланысты жалғастыра беру қажет. Еуразиялық экономикалық комиссияның алдында қазір Біріккен Араб Әмірліктері, Үндістан, Мысыр, Индонезия және Израильмен еркін сауда аймағын құру жөніндегі келіссөздерді жеделдетіп аяқтау міндеті тұр. Сондай-ақ біз Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы, АСЕАН, МЕРКОСУР секілді халықаралық ұйымдармен қарым-қатынасты күшейтуіміз керек. Бұл ниетімізді олар да қолдайды деп ойлаймын.

Жалпы Еуразиялық экономикалық одақтың бағдарламасы 2025 жылға дейін жазылған. Бірақ Ресей тарапы қазірден бастап 2045 жылға дейінгі жаңа тұжырымдама жасақтау бастамасын көтеріп жүр. Алайда Қасым-Жомарт Тоқаев асықпауға шақырады. Себебі алғашқы онжылдыққа жоспарланған жұмыстардың көбі әлі орындалған жоқ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазір одақтың алдында азаматтарымыз үшін еш кедергісіз орта қалыптастыру міндеті тұр. Бұған дейін жазылған межелі мақсаттар мен міндеттердің көбіне әлі жеткен жоқпыз. Менің ойымша қазір сол істерді толық орындап, ойға алған нәтижелерге қол жеткізіп алу керек. Бастаған шаруаны бітірмей жатып, болашаққа бағдар жасау қисынсыз секілді.

Қалай десек те Еуразиялық экономикалық одақтың болашағына күмәнмен қарайтындар көбейді. Дегенмен Мәскеуде өткен кеңестің қорытындысында тараптар тағы 13 құжатқа қол қойып барып тарқасты. Ал олардың қашан және қаншалықты жүзеге асарын уақыт көрсетеді.

Дамир Берікұлы, Айдос Меделбеков, Бахытбек Нұртаев