Хабар телеарнасы

Қарағандылықтар «Ашамайға отырғызу» дәстүрін жаңғыртты

Ер бала ес біліп, тақымы қатайған шақта ашамайға отырғызады. Яғни, 5-6 жасар баланы – атқа қондыру. Бұл – жеткіншектің санасына «ер жеттің, еңбекке аралас» деген өнегені салтпен сабақтастырып берудің бабалар ойлап тапқан бір жолы. Ұмыт болған ғұрыпты Наурыз мейрамы қарсаңында қарағандылықтар жаңғыртты. Бейнелеу өнері музейінің бір күні қазақ дәстүрінің көрмесіне айналды. Ұлдар асық ойнап, арқан тартса, қыздар кесте тігіп, ою ойды. Сондай-ақ келушілер ХІХ ғасырға тән зергерлік бұйымдарды тамашалады.

Мейрамгүл Елубаева, музейдің ғылыми-әдістеме бөлімінің жетекшісі:

- Аталарымыз жылқы малын өте жақсы көрген. Баланы 5-7 жастан бастап ашамайға мінгізетін болған. Ол үшін арнайы ер-тоқым дайындалады. Әкесі оны атқа мінгізіп, ауылдың ақсақалы бата беріп, «баламыздың жолы ақ болсын» деген мақсатта ашамайға мінгізіп, ауылды аралатып, шашу шашылатын болған. Бүгінгі күнде өкінішке қарай ұмытылып кетті. «Қала мектебінің балалары ғой, соны білсін, әрі қарай жаңғыртсын», – деген мақсатпен осы шараны өткізіп жатырмыз.