Хабар телеарнасы

Амал мерекесі халықаралық деңгейде тойланып жатыр

Маңғыстаудың ең биік жері Отпантаудың басына еліміздің барлық аймағымен қатар Ресей, Өзбекстан, Түркия, Ноғай мен Қырғыз елінен мыңдаған адам жиналды.

Амал мерекесін тойлау үшін Ақтаудан Отпантауға 300 атты керуен көші аттанды. Құрамында өлкенің құрметті азаматтары, спортшылар, белсенді жастар мен өнерпаздар бар. Олар 140 шақырым жерді жүріп өтті.

Гүлмира Әбішева, тілші:

- Отпантауға бағыт алған керуен көшінің өн бойынан Елбасы мақаласына арқау болған «Ұлы даланың жеті қырын» көруге болады. Атқа міну мәдениеті мен ұлттық салт-дәстүрлеріміз ұлықталып, Қыз Жібек жыры жырлануда. Бұл көште Қабанбай, Бөгенбай батырлар бастаған ұлы тұлғаларымыз да бар.

Бүгін мерекені тойлау үшін Отпантау басына мыңдаған адам жиналды. Жаугершілік заманда бабаларымыз мұнда ерлік үшін ұран отын жақса, бүгінгі ұрпақ бар қазақтың басын қосатын бірлік отын жақты. Тарихи рәсімге шет мемлекеттерден келген қонақтар да қатысты.

Арсланбек Сұлтанбеков, Қарашай-Шеркеш Республикасының халық артисі:

- Амал мерекесінің сақталуы өте жақсы мәдениет. Әлемдегі түркі халықтары бүгін бір-бірін құттықтап, бір-бірімен табысып, бір-бірімен көрісіп жатыр. Қазақтың дәстүрін, ұлттық киімдерін көріп, бір сүйсініп қалдым. Қазақ елі жасай берсін, көп жетістіктер тілеймін!

Амал – ескі жылдан жаңа жылға аман жеткен қуаныштың, ағайынның арасына сыйластықты дарытатын ынтымақ пен бірліктің, татулықтың мерекесі. Оның тәрбиелік мәні зор. Бұл күні жасы кіші, үлкен демей, танысын-танымасын қол алысып, төс қағыстырып, көріседі. Бір-біріне ақ тілектерін айтып, өкпе-реніш болса кешірім сұрасады. Осылайша күннің ғана емес, адамзаттың көңілінің жыли түскенін сезінесің.

Тоқтамұрат Тілеу, Ақтау қаласының тұрғыны:

- Атқа мініп, той тойлау біздің қанымызда бар. Дүркіретіп осындай мерекені тойлау әр қазақта бар дүние. Бүкіл қазақ елін шын жүректен құттықтаймын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Әр шаңырақта береке болсын!

Отпантау етегіне 40 шақты киіз үй тігіліп, жыршылар кеші ұйымдастырылды. Қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі өткізілді. Аударыспақ, бәйге, қой көтеру мен түйе балуан сияқты ұлттық ойындар той көрігін қыздыра түсті.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Саламат Бекбаев