Хабар телеарнасы

«Достық-Алашанькоу» бекеті арқылы тауар тасымалы 2,5 есеге артты

Шет елдермен алыс-беріс қалай екеніне көшсек.

1 жылда «Достық-Алашанькоу» кеден бекеті арқылы жүк және тауар тасымалы 2,5 есеге артты. Қазақстан-Қытай шекарасындағы өткізу пункті 2005 жылы ашылған. Сол кезде күніне небәрі 50 жүк көлігі ары-бері қатынайтын. Ал қазір олардың саны 300 жуықтады. Бекетте былтыр электронды кезек жүйесі енгізілген. «Соның нәтижесінде жұмыс процесі жеңілдеді»,- дейді мамандар. Тауар айналымымен қатар жолаушылардың да барыс-келісі көбейген. Екі ел арасындағы 30 күндік визасыз режим басталғалы 1 мың 500 адам шекарадан өтті. 

Азат Қызыр, Алматы облысының тұрғыны: 
- Қытай Халық Республикасында екі балам тұрады. Соған барғанбыз. Ай сайын өтіп тұрамыз. Қуаныштымыз барып келіп тұрғанымызға.

Нұрсұлтан Әбішбаев, «Алакөл» кеден бекетінің жетекші маманы: 
-Тауар айналымын ұлғайту мақсатында және де ҚР Транзиттік әлеуетін ұлғайту мақсатында жаңа кеден бекетінің құрылысы басталды. Жаңа өткізу пункті әлемдік стандарттарына сәйкес кедендік бақылау құрылғыларымен жабдықталатын болады. Күніне 750 жуық автокөлік және жеке тұлғалардың жылдам өткізуге бар жағдай қарастырылған. 2024 жылдың екінші тоқсанына жоспарланған.