Хабар телеарнасы

Келер жылы елімізде көкөніс тағы екі есе қымбаттауы мүмкін

Себебі өзімізде өндірілген көп өнімді сақтайтын қойма жоқ. Мәжіліс депутаттары мәселеге осылай алаңдаушылық білдірді. Мысалы, Қазақстанда жыл сайын 1 млн тоннадан астам пияз жиналады. Ал оның небәрі 320 мың тоннасын өзіміз тұтынамыз. Қалғаны экспортқа кетеді. Сөйтіп ерте көктемде тапшылық пайда болып, өнім қымбаттап шыға келеді. Қажеттілік туындаған соң оны қайтадан сырттан импорттаймыз. Картоп пен сәбіз мәселесі де дәл солай. Салаға жауапты министр болса: «Проблеманы шешудің жолын қарастырып жатырмыз», – дейді. Айтуынша, өткен екі жылда жалпы сыйымдылығы 200 мың тонна болатын қоймалар іске қосылған. 

Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі: 
- 2023-2025 жылдар аралығында сыймдылығы 135 мың тонна қоймаларды соғамыз деген жоспарымыз болған. Қазіргі таңда оны қайта қарадық. Ол жоспарды қазір 658 мың тоннаға дейін өсіріп отырмыз. Яғни 4 есе өсіріп отырмыз. Ол 4 есе өсірген деген, ішінде жаңағы вентиляция бар, тоңазытқышы бар. Біздің көкөністі сәуір, мамыр, маусым айларына дейін жеткізетін мүмкіншілікті туындататын қоймалар болып табылады.