Хабар телеарнасы

Балық шаруашылығымен айналысатындарға 2,5% несие беріледі

Мұны Мәжілісте Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері айтты.

Бұған дейін мұндай жеңілдік болмаған. Балықты кәсіп қылғандар кемінде 20% кредит алуға мәжбүр. Одан бөлек субсидия да көбейеді. Ол арқылы шаруашылықтар бизнес ашуға кеткен шығындарының жартысын өтейді. Мұның барлығы елде балық шаруашылығын дамыту үшін жасалып отыр. Себебі бізде бұл сала кенжелеп қалған.

Республика бойынша бұл іспен небәрі 500 кәсіпкер айналысады. Олар жыл сайын бар-жоғы 20 мың тонна ғана балық өндіріп отыр. Салада маман да жетіспейді.

Алмас Асылбеков, ҚР АШМ комитет төрағасының орынбасары:
- Бұл жерде ең күрделі мәселе
абитуиенттерді осы мамандыққа тарту. Бұл мәселені шешу үшін шаруашылықтармен жұмыс істейтін болып жатырмыз. Негізінен олар мемлекеттен қолдау шараларын алады. Соларға қарсы міндеттемелер белгілеу арқылы солардың бірі – осы жалақыны көтеру мәселесі. 

Сергей Понамарев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бүгінде сіз бен біз жылына 3 келі 700 грамм ғана балық жейміз. Бұл өте аз. Ал бізде Балхаш, Зайсан, Каспий секілді алып су айдындары көп. Сөйте тұра балық шаруашылығын дамыта алмай отырмыз. Осы заңға саланы ілгерілету үшін қажетті барлық тетіктерді қосуға тырысамыз.