Хабар телеарнасы

Президенттің тапсырмасымен квазимемлекеттік сектордағы сатып алулар жөніндегі заң жобасы әзірленді

Осы келеңсіздіктерді жөндеу үшін Президенттің тапсырмасымен квазимемлекеттік сектордағы сатып алулар жөніндегі заң жобасы әзірленген. Ол құжат қазір Мәжілістің қарауында. Депутаттар квазимемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, заңгерлер, сарапшылар, қоғамның барлық өкілінің пікірін ескеріп, талқылау жұмысын жүргізуде.

Осы жаңа заңға сай, сатып алулар ашық жүргізіліп, жемқорлық көрсеткіші еселеп төмендеуі тиіс. «Самұрық-Қазына» қоры сатып алулар саласында енгізген жаңа жүйенің нәтижесін Мәжілісте баяндады.

«Самұрық-Қазына» қорының 3-5 жылға отандық кәсіпкерлермен off-take келіссөздер бекітуі жергілікті өнім үлесін молайтты. Яғни әуелі тапсырыс алған компания тауарын қайда сатамын деп алаң болмайды. Қор осындай 89 off-take келісім орнатып, 280 мыңдай жаңа жұмыс орнын ашқан. Бір ғана трансформатор шығаратын отандық зауыт 200 адамды еңбекпен қамтыған. Кәсіпкерлер сатып алулардың жеңілдетілген режимі мен ашықтығынының маңыздылығын атап өтті.

Мәулен Жүсіпов, трансформатор шығарушы компанияның сатып алулар жөніндегі директоры:

 - Қормен келісім арқасында зауыт құны 12 млрд теңгеге тапсырыс алды. Қазір жылына 120 транформатор шығарамыз, 50% елде қалады, қалғанын экспорттаймыз. Биыл да 6 млрд теңгеге ұлттық компаниялармен off-take келісім орнаттық.

Мейіржан Отарбеков, тігін-аяқ киім фабрикасының директоры:

 - Арнайы киім мен аяқ киім шығаратын кәсіпорын үшін «Самұрық Қазына» қорымен сатып алу келісімін жасау аса маңызды. Екі жылда өндіріс екі есе көбейді, салық та ұлғайды. Жұмысшылар саны 800-ге жетті. Біз үшін бұл стратегия тиімді.

Әзірге елімізде квазимемлекеттік сектордағы сатып алулар бірнеше заңнамамен реттеліп отыр. Таяуда ұлттық компаниялар үшін сатып алулар ережесі бір заңда біріктірілмек. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин тиісті құжаттың сатып алулардың ашықтығын, тиімділігін әрі жеңілдігін де қамтамасыз етуі тиіс екенін атап өтті. «Самрұқ-Қазына» қорының төрағасы депутаттар алдында сатып алудың жаңа жүйесі туралы баяндады. Қор бір көзден сатып алу үлесін 5 есе азайтып, бәсекелестік сатып алуды 6 есе көбейткен. Сөйтіп, 3 жылда 410 млрд теңге үнемдеген. Ашықтық үшін келісімдер электрондық форматта жүргізіліп, нәтижесінде келіссөз орнату мерзімі 18 күннен 5 күнге азайтылған.

Ахметжан Есімов, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы:

 - 2020 жылы отандық кәсіпкерлермен сатып алу жасасу үлесі 83% жетті, оған дейін 45% қана болған. Ал биылғы жылдың екі айында ғана 90% жетіп үлгерді. Сатып алулардың жеңіл моделінің арқасында осындай оң көрсеткіштерге қол жеткізіп, қиындықтарды жылдам еңсеріп отырмыз.

Жаңа заңда сатып алулардың негізгі қағидалары мен ережелері көрсетілмек. Бұл ұлттық компаниялар жұмысының ерекшеліктеріне байланысты, себебі елімізде квазимемлекеттік сектор нысандары бірнеше саланы қамтиды. Ал сатып алуларды тым күрделілендіру компаниялардың қызметі мен инвестициялық тартымдылығына кері ықпалын тигізуі мүмкін. Әйтсе де олардың әрекетін бақылау мүмкіндігі заңда анық көрсетілуі тиіс. «Бұл – жемқорлықтың алдын алуға сеп», – деп санайды депутаттар. 

Гүлнәр Бижанова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

 - Бұл ретте «Самұрық-Қазына» қорында заңдылықты тексерумен бірнеше комплаенс қызмет айналысып келеді. Жемқорлықпен күрес туралы заңда олардың рөлі бекітілген. Енді құжатқа сай, орталық қызмет те бақылау жүргізбек. Екі қызметтің міндеттері қалай айқындалмақ?

Әлішер Пірметов, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

 - Басқарма екеуінің де міндетін нақты айқындады. Бақылаудың орталық қызметі сатып алу ережелері мен стандарттарының орындалуын қадағалайды. Егер заң бұзушылықтар жемқорлыққа ұласса, бұл жерде комплаенс қызметтер іске кіріседі. Міндеттер нақты белгіленіп, бекітілген.

Мәжіліс депутаттары сатып алулардың ашық болуына ерекше көңіл бөліп отыр. Жаңа заң отандық тауар өндірушілерге де қолдау көрсетуі тиіс. Құжатқа сай, электрондық дүкендердің біріктірілуі ұлттық компаниялардың тек қажет көлемде ғана тауар алуына мүмкіндік бермек. Бұл ұлттық экономика үшін де, компаниялар мен отандық кәсіпкерлерге де ұтымды механизм болмақ. 

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:

 - Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына өз Жолдауында айтқандай, квазимемлекеттік сатып алу саласындағы ашық және тиімді процестер көптеген экономикалық сұрақты шешуге мүмкіндік береді. Біріншіден, отандық өндірісті және өз өнімдерімізді қолдауға жол ашады. Екіншіден, бұл шағын және орта бизнеске көмек болады. Осының барлығы жұмыс  орындарын сақтап, әлеуметтік  жағдайды одан әрі дамытуға ықпал  етеді.

Айта кетейік, бүгінде квазимемлекеттік секторда 20-ға жуық ұлттық компания мен 250-дей еншілес кәсіпорын жұмыс істейді. Елбасының тапсырмасымен әзірленген жаңа табыс саясаты бойынша, Ұлттық әл-ауқат қоры таза табысының 50% Үкіметке аударуы тиіс. «Жаңа заңға сай, ашықтық шығынды үнемдеп, табысты молайтуға жол ашады», – дейді қор өкілдері. 

Авторлары: Индира Жылқайдарова, Айбол Жұмағұлов, Жомарт Елеуов