Хабар телеарнасы

Ұн экспорты тұралауы мүмкін

Қостанайлық диірменшілер бұл шешімге қарсы. Әрі Орталық Азия елдерінде астық өңдеу ерекше қарқын алған тұста отандық өнім өндірушілерге бәсекеге түсу тіпті қиындамақ.

Мағауия Қалиев, тілші:

-Біздің бір мақтанышымыз – ұн өндірісі. Соңғы оншақты жылдан бері жан басына шаққандағы ұн экспортының көлемі жағынан әлемде көш бастап тұрмыз.Бірақ осы тұғырымыздан тайып, жетістігімізді жоғалтып алуымыз мүмкін. Себебі ұн экспорты соңғы үш жылда екі есеге кеміген. Есесіне шикізат зат есебіндегі астықтың сыртқа сатылымы осыншама артқан.

2020 жылдың 11 айында экспортталған бидайдың басым бөлігін нақты айтсақ, 54 проценті Өзбекстанға жіберілген. Тәжікстанда соңғы жылдары ұннан гөрі Қазақстанның астығына құмар. Ал енді ұн экспортына көз салыңыз, негізгі тұтынушы – Ауғанстан, 65 процент. Одан кейін Өзбекстан. Қалғандарының үлесі 10 процентке де жетпейді. Осы деректен-ақ Орталық Азия елдері астықты өздерінде өңдеуге ерекше ден қойғандығын байқайсың.

Анзор Акбиев, диірмен кешеннің директоры:

-Соңғы бірнеше жылдың ішінде Өзбекстанда 100-ден астам жоғары қуатты диірмен кешендері ашылды. Олар шикізат түрінде біздің астықты сатып алады да, өздерінде ұн тартады. Орталық Азияның басқа елдері осы саланы қарқынды дамытып жатыр. Оларға көптеген салық, тасымал жеңілдігі қарастырылған. Сондықтан бәсекеге түсу бізге қиын.

Бұл қарқынмен ала шапанды ағайындар Ауғанстан нарығын жаулап алатын түрі бар. «Оған Қазақстан Республикасының сауда және интеграция министрлігі де мүдделік танытып отырғандай», – дейді кәсіпкерлер. Жақында  осы министрлік ұсынысымен бидай ұны биржалық тауарлар тізіміне енгізілді. Яғни отандық өндірушілер енді ұнды биржа арқылы сатуға міндетті. Ал электронды саудаға негізгі тұтынушымыз Ауғанстан дайын ба, жоқ па, оған ешкім бас қатырмағанға ұқсайды.

Гран Ака Халилулла, астық өңдейтін кәсіпорын басшысы:

-Бұл қате шешім. Еуразиялық экономикалық комиссияның биржалық тауарлар тізбесіне ұн енгізілмеген. Сондықтан бекітілген тәртіпке қайшы келеді. Одан қалды сауданың мұндай түріне тұтынушыларымыз техникалық, технологиялық жағынан да дайын емес. Енді олардың бәрі бізден бас тартып, Өзбекстанға бет бұра ма деп ойлаймын. 

Қазір Қазақстанда 270-ке жуық астық өңдейтін кәсіпорын бар. Олардың бәрі екіұдай күйде. «Бұлай кете берсе, өз астығымыздан Өзбекстан ұнын тұтынатын жағдайға жетуіміз бек мүмкін», – дейді. Сондықтан кәсіпкерлер мемлекеттен қолдау күтеді.

Геннадий Кукоба, Қостанай облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:

-Жағдай ушығып барады. Биржалық тауарлар тізіміне ұнның енгізілуі әлемдік тәжірибеде жоқ. Біз соның бәрін дәлелдеп, министрлікке үндеу жолдадық. Қазір Ұлттық Палата экономикалық негіздеме дайындап жатыр. Бұл талаптың қалайда күшін жоюға тырысамыз.

Қостанайлық ұн өндірушілер сондай-ақ жергілікті диірмендерге астық тапсыратындарға субсидия бөлу мәселесін көтеріп отыр.Ондағы мақсат – тауарлы бидайды сыртқа сатпай, өзімізде қалдыруға ынталандыру. Сонымен қатар қазақстандық өнім экспортына қасақана тежеу жасайтын елдерге соған сәйкес шаралар қолдануды сұрайды.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг