Хабар телеарнасы

Биыл жаңадан жазылған Қазақстан тарихының 7 томдығы жарық көреді

Биыл жаңадан жазылған Қазақстан тарихының 7 томдығы жарық көреді. 100-ге жуық тарихшы атсалысқан еңбектің қазір қолжазбасы дайын. Сараптамадан өтсе, баспаға жіберіледі. Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда жүктеген міндеттері болатын. Алқалы жиында көтерілген тағы қандай мәселелер шешімін тапты? 

Ұлттық құрылтайдың мүшесі, тарихшы Нұрбек Пұсырмановтың айтуынша, құрылтайда аса маңызды мәселелер көтеріледі. Халықты алаңдатқан, елдің ертеңі үшін деген дүниелердің орындалуы да әлбетте, біраз уақытқа созылады. Дегенмен қазірдің өзінде нәтижелер жоқ емес. Солардың бірі – Түркістанды рухани астанамыз ретінде дамыту.

Нұрбек Пұсырманов, Мемлекет тарихы институтының директоры:
-Президент өзінің сөзінде Түркістанды Яссауисіз елестету мүмкін еместігін айтты. Жақында Әзербайжанға сапары кезінде бұл идеяны жалғастыра түсті. Бұл ретте Мемлекет тарихы институты, «Түркістан – егеменді Қазақстанның мәдени орталығы ретінде» деген үлкен жобаны жүзеге асыруда. Бұл жоба осы туристік бағыттағы тарихи перспективаны нығайтуға арналады.

Тарихымызды түгендеп, руханиятымызды көтеру үшін саладағы мамандар мықты болу керек. Бұл да Президенттің тапсырмасы. Сол үшін де биыл Мемлекет тарихы институты бірнеше сарапшыны шетелдерде оқытқан. Ал Қазақстан тарихын қайта жазуға бұрын-соңды мұнша адам тартылған емес. 100-ге жуық тарихшы тер төккен жинақ жақында жарық көреді. Ұлытау облысында өткен құрылтайдың нәтижесі де көңіл қуантады.

Амангелді Толамисов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
-Мемлекет басшысы сол құрылтайда 20-ға жуық үлкен конституциялық құжаттардың қабылданатынын, оның талқыланып жатқанын, сайлау туралы, саяси партиялар туралы заңдардың қабылданатынын айтты. Міне ол заңдардың барлығы бүгінде қабылданды. Сонымен қатар сол кезде халықтың ең бір жүрегінде жүрген, халықтың сұранысында жүрген бір үлкен мәселе – заңсыз шығарылған активтерді қайтару да сол кезде көтерілген болатын. Бүгінгі таңда ол заң қабылданды.

25 қазанды Республика күні деп белгілеу де - Ұлытау құрылтайының жемісі. Ал Түркістан құрылтайында айтылған мәселелердің бірі – ақпарат саласын жетілдіру, креативті индустрияны дамыту. Қазір алғашқысы бойынша Масс-медиа туралы заң Мәжілісте қаралып жатса, креативті индустрия жөніндегі құжат депутаттар талқысында. «Вейп» деген зиянды заттың залалы да өткен жиында айтылған еді. Іле-шала оған заңмен тыйым салынды. Осылайша құрылтай өзінің тиімділігін көрсетіп отыр.

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Консультативті-кеңесші орган ретінде бүгінгі таңда жарқын диалогтың, зиялы қауым өкілдері, сонымен қатар қоғамдағы белсенді азаматтар, жалпы мына қоғамдастықтың, мемлекеттік органдардың барлығының бір нәтижелі диалог форматын таңдап, соны жүзеге асырып келе жатыр деп ойлаймын.

«Алғашқы екі құрылтай идеологияға арналса, ертеңгі Атыраудағы алқалы жиын экономика тақырыбын арқау етуі мүмкін»,— дейді сарапшылар.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Дәурен Жұрқабаев, Самат Оспанов