Хабар телеарнасы

Әлем елдері экономиканы қолдау шараларын қабылдап жатыр

«Еуростат» дерегінше, жылдың алғашқы үш айында Еуроодақ экономикасы 3,5% қысқарған. АҚШ экономикасы да тұралады. Кәсіпорындар жабылып, салдарынан елдегі жұмыссыздар саны 33 млн-нан асты. Халықаралық валюта қоры сарапшылары: «Биыл рецессия дамыған мемлекеттерде де, дамушы мемлекеттерде де болады», – деп болжам жасаған еді. Осыған байланысты ел үкіметтері қандай шаралар қабылдап жатыр?

Испания – коронавирустан қатты зардап шеккен елдердің бірі. Болжамға сай, биыл елдің ЖІӨ 9,2% төмендеп, еңбекке жарамды азаматтардың 20% жұмыссыз қалуы мүмкін. Қазір індет бәсеңдеп, екі ай бұрын енгізілген карантин режимі жеңілдетіліп жатыр. Кей өңірлерде мұражайлар, қонақүйлер, кей сауда орындары, сондай-ақ дәмхана мен мейрамханалардың террассалары ашылды. Алайда келушілердің санына шектеу бар. Ал кәсіп иелеріне енді мемлекеттен жәрдемақы төленбейді.

Пандемия салдарынан Еуропа экономикасы рецессияға ұшырады. Әсіресе туризмге тәуелді Испания, Италия мен Грекияның жағдайы қиын болмақ.

Осы орайда Еуроодақ 540 млрд еуро көлемінде қаржы бөліп, экономикаға шұғыл көмек беруге арналған бағдарлама әзірлеген. Енді 2 трлн еуро құйып, қалпына келтіру қорын құрмақ.

Паоло Джентилони, экономика жөніндегі еурокомиссар:

- 2021 жылы Еуроодақ экономикасы 6,1%, ал еуроаймақ 6,3% қалпына келетінін күтеміз. Бұл биылғы жылдың толық шығынын өтеуге жетпейді. Еуроодақтағы жетекші мемлекет Германия экономикасы өзге елдермен салыстырғанда тезірек қалпына келеді деп болжанып отыр. Дегенмен Германия да 2020 жылы Екінші дүниежүзілік соғыстан бері ең ауыр рецессияны бастан кешеді.

АҚШ-тағы жұмыссыздық деңгейі – 14,7%. Бұл – 17 сәуірге дейінгі статистикалық мәліметке негізделген есеп. Ал сол кезден бері елде тағы да 7 млн-дай жұмыс орны қысқарды. Кей мәліметтерге сүйенсек, жұмыссыздық деңгейі 25% жетіп қалған. Яғни қазіргі жағдайды «Ұлы күйзеліс» кезеңімен салыстыруға болатынын атап өтті мамандар. Індеттен туризм, білім беру және медицина салалары қатты зардап шеккен. Сондай-ақ қызмет көрсету, сауда мен өндіріс те тұралап қалды. Ауыл шаруашылығы да шығынға батты. Демек, қазір жұмысы бар, бірақ табысы жоқтар да көп.

Милана Достанич, еңбек құқығы саласының адвокаты:

- 500-ден аса қызметкері бар компанияда жұмыс істейтіндер федералдық заңмен қорғалмайды. Менің ойымша, бұл – ең үлкен мәселе. Яғни Амазон, әуекомпания немесе ауруханада жұмыс істесеңіз, өзіңіз немесе туыстарыңыз ауырып қалса немесе балаңыздың мектебі жабылса, компания сізге төлеуге тиіс емес.

Наурыз айында АҚШ Сенаты ел экономикасын қолдау үшін 2 трлн доллар бөлу туралы заң жобасын қабылдады. Табысы 75 мың долларға дейінгілерге адам басына 1 200 доллар көлемінде төлем тағайындалды. Шағын бизнес үшін 350 млрд доллар көлемінде несие қарастырылып, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін компанияларға 17 млрд бөлінді. Өзге мемлекеттерге де тоқталсақ.

Өткен айда Әзербайжан Экономика министрлігі пандемиядан зардап шеккен 5 мыңнан астам кәсіпкерге қаржылай көмек берген. Салықтық салмақтарды азайтуға арналған шаралар да қолға алынды.

Грузия үкіметі де экономиканы дағдарыстан шығару жоспарын әзірлеген. Оған сай, ауыл шаруашылығын дамыту мен туризмді қайта жандандыруға баса көңіл бөлінбек.
Авторы:Меруерт Жақан