Хабар телеарнасы

5+1. Еуропаға жол Шолпан-атадан бастала ма?

Үлкен өзерістер қазақ жерінен басталады. Кеңес одағының күйреуі де 86 жылы желтоқсанда Алматыдағы студент-жастар көтерілісінен ұшқындады.

Кремльдегі коммунисттер әділдік сұраған жастарды жазаладық, сонымен шаруа тынды деп қателесті. Арада 3-4 жыл өткенде әлемдік держава тарап тынды. Қазір де сондай жағдай көрініс бере бастады. Ресей-Украина қақтығысы дүниежүзілік өзгерістермен аяқталуы әбден ықтимал.

Түбі бір туыс ел – Түркиедегі кешегі сайлау ел тұрғындарын қақ бөлді. Әрине Режеп Ердоғанның әлі де бірнеше рет президенттік сайлауға түсуге құқы бар. Сарапшылардың пікірінше Ердоған Конституцияны референдум арқылы қайтадан қабылдамақ. Дәл осы минуттарда Анкарада Ердоған президенттік Ұлықтау рәсімін өткізіп жатыр. Оған арнайы шақырумен барған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып отыр.

6 күн бұрын сайлаудағы жеңіс түні Ердоған, «Қазақстан мен Орта Азия елдері, Әзірбайжан мен Түркие бірлесіп түркі инвестициялық қорын ресми түрде құрады. Осы арқылы әлемдік қаржы қауымдастығында түркі елдерінің рөлі нығая түседі» деді. Түркие ендігі кезекте түркі елдеріне арқа сүйеуге ықыласты. Іргесінде сан ғасырлар бойы қырғи-қабағы жазылмаған Грекия тұр. Мүдделері тоғысқанда ғана керемет дос болатын Ресей мен Еуразия толықтай американдық бағытқа бет алған Украина бар.

Байқағанымыздай ғаламдық өзгерістер мемлекеттік мүдде тұрғысында қалыптаспақ. Сол мемлекеттік мүддемізді баянды ету мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері мен Еуропалық Одақ басшыларының кездесуіне Шолпан-Ата қаласына жұмыс сапарымен барды.

Алатаудың етегінде тұнып жатқан Ыстықкөлде туристік маусым әлі басталған жоқ, жанға жайлы қоңыржай кезең. Дәл қазіргідей саяси алаң қызып тұрған сәтте келіссөз жүргізуге қолайлы орын. Осы, бәлкім басқа бір себебі бар болар, әйтеуір 5+1 форматы Шолпан-атада жиналды.

Бұл бестік осыдан екі апта бұрын ғана «Орталық Азия-Қытай» саммитіне қатысып қайтқанын құлағы түрік халық түгел біледі. Си мырзамен сыйластық, ендігі Еуропаға етене жақындай түсу ниет бар. Мүмкін керісінше. Қалай дегенмен де, мұндай жиындарда әр тараптың өз мүддесі бары анық әрі оны жасырмайды да.

Таир Нығманов, саясаттанушы:

- Орталық Азияның сансыз саммиттерге қатысып, түрлі алаңдарда белсенділік танытуының астарында үлкен үндеу жатыр. Ол – біз әлемнен оқшауланбаймыз, геосаяси текетірестерден алшақпыз, біз ашықпыз және бәрімен қарым-қатынас жасауға дайынбыз дегені. Қазіргідей геосаяси теңселіс тұсында ірі ойыншылардың ортасында отырған Орталық Азия мүмкіндігінше өзінің дербес позициясын қалыптастырудың амалын қарастырып жатыр. Осы күрделі кезеңде үлкен өңір ретінде өз мүддесін сақтап қалуға, қорғауға тырысады. Бұл ретте әрине, бес мемлекеттің бірігіп шыққан үні бір мемлекеттің үнінен әлдеқайда күштірек әрі сенімдірек естіледі.

Жалғыздың үні шықпасын бұл бестік түсінген де секілді. Әсіресе соңғы бір жылда. Оған дейін Орталық Азиядағы интеграция «кім аға мемлекет?» деген мәселеден әрі аспағанын саясаттанушылар айтудай-ақ айтып келген. Аймақтағы қазіргі ахуал басқа, қауіп көп, қысым да бар. Өзгелерден именбеу үшін де интеграция керек. Бұл 5+1 форматындағы екінші кездесу, алғашқысы күзде Астанада өткен. Орталық Азиядағы бестіктің бәсі басым. Экономист оның кем дегенде үш себебін саусағын бүгіп тұрып санап берді.

Елдар Абакиров, экономист:

- Бірінші себеп – Орта Азия – кен-байлық, табиғи кен-байлықтарға бай өлкелер. Оның ішінде жоқ дегенде ақырғы қыс көрсетті. Енді мен мұнай, газ әрі қарай темір заттарын айтпай-ақ қояйын, жоқ дегенде көмір керек екен. Біздің регион өте бай. Қазақстанда қанша млрд тонна көмір бар екенін білмеймін, Қырғызстанда 2 млрд тоннадан астам көмір бар. Екінші себеп – Еуропаға тауарды сататын базар керек. Өйткені Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан 90-жылдан бері санағанда екі есе өсті. Өзбекстан үш есе өскенге ұқсайды. Үшінші себеп – біз өте үлкен географиялық аумақты алып жатырмыз.

Әлемдегі көмірсутегі отынының ірі қоры біздің аймақта жатқанын ескерсек, Еуроодақ «күлшелі» мемлекеттермен алыс-берісті мейілінше күшейтуге мүдделі. Жақсы динамика байқалады да. Арадағы тауар айналымы былтыр бірден 60% артып, 50 млрд долларды межелеп қалды. Ендігі бір міндет – көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазіргі Еуропаға экспортталатын Қазақстан мұнайының 80 проценті Каспий құбыр консорциумы арқылы жөнелтіледі. Ортақ мүддені ескере отырып, стратегиялық тұрғыда маңызды осы құбыр арқылы мұнайдың ұзақ мерзімді және тұрақты жеткізілуін қамтамасыз ету үшін ЕуроОдақ әрі қарай да қолдау көрсете береді деп сенеміз.

Күндердің бір күнінде – Каспий Орталық Азия арқылы, тұтас Еуропаның логистикалық ландшафтын өзгертеді дегенге сену қиын еді. Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстан кейін, өткен жылдың өзінде Транскаспий халықаралық дәлізі арқылы 1,5 миллион тонна жүк жіберілген. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 2,5 есе көп. Ал адағы 7 жылда Транскаспий бағытының жылына 250-300 мың контейнер жүкті тасымалдайтын қауқары болмақ.

Жұмабек Сарабеков, саясаттанушы:

- Украинадағы дағдарыстың кесірінен Қытай мен Еуропа арасындағы транспорт байланысы нашарлап кетті. Себебі бұған дейін көбісі Ресей территориясы арқылы жүретін. Қазіргі таңда тауар тасымалдаушылар үшін жаңа дәліз керек. Бұл ретте ойға келетін бірден-бір жол – Транскаспий жолы. Сондықтан Транскаспий дәлізіне деген қызығушылық артып отыр және біздің байқауымызша, аймақтағы мемлекеттер де, Еуроодақ та осы жобаға инвестиция құюға мүдделі екенін байқатты.

Еуропаның «Global Gateway» жаһандық стратегиясы бар. Дамып келе жатқан және дамушы экономиканың цифрлық, энергетикалық және экологиялық даму жобаларына 2027 жылға дейін 300 миллиард еуро жұмсаймыз деп отыр. Бұл ретте Қазақстан президенті «Орталық Транскаспий желісін» ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- 19 мамырда Еуропалық банк Еуропа мен Орталық Азия арасындағы көлік байланыстары бойынша өз зерттеуін ұсынды. Онда Оңтүстік Қазақстан аумағы арқылы өтетін «Орталық Транскаспий желісі» «ең тұрақты нұсқа» деп танылған. Бұл байланыс желісін айтарлықтай жақсарту үшін қажет инвестиция көлемі шамамен 18,5 миллиард еуро. Осы ауқымды жобаларды ұштастыру үшін Орталық Азия мен Еуропалық Одақ елдері арасындағы көлік-логистикалық ынтымақтастықты дамыту стратегиясын әзірлеуді ұсынамын.

«Біз сіздердің ірі көршілеріңізден қарағанда инвестицияны көп бөлеміз» деді Еуроодақ кеңесінің президенті Шарль Мишель. Қай ірі көршіні меңзеп тұрғанын нақтылаған жоқ, бірақ Еуроодақ – түрленген, мықты Орталық Азияны көргісі келеді дейді. Саяси ұстанымына қарамастан...

Шарль Мишель, Еуроодақ кеңесінің президенті:

- Біз әрбір елдің аумақтық тұтастығы мен егемендігін мойындайтын БҰҰ жарғысының күшіне сенеміз. Мен сіздің аймақтағы елдердің ұстанымдары әртүрлі екенін білемін. Әрі кез келген елдің ұстанымын құрметтеймін.

Орталық Азия – үлкен мүмкіндіктер аймағы, бірақ бұл өңірдің өзіне жетер проблемасы да бар. Су мен шекара, есірткі, Ауғанстан мәселесі. Дегенмен, бүгінгі Орталық Азия Еуропаның демократиясын көксейді, озық технологиясына ұмтылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Биыл наурыз айында Microsoft компаниясы Қазақстанда озық технологияларды тарту орталығына айналатын Мультиөңірлік хаб ашқаны туралы жарияланды. Біз 2025 жылға қарай кемінде 100 мың жоғары білікті IT маман даярлау міндетін қойдық. Сондықтан Еуропа университеттерін Қазақстанда, оның ішінде маңызды өңірлік IT алаңға айналған Astana Hub технопаркі базасында филиалдар ашуға шақырамын.

5+1 форматының қатысушылары Бірлескен баспасөз-коммюникесін қабылдап барып тарқасты. Түйіні – Еуропалық Одақ пен Орталық Азия арасындағы байланыстар тереңдей түспек. Келесі кездесу Өзбекстанда өтеді.

Гүлжан Марқабаева, Еділ Ермекбаев, Ділмұрат Сейдаханов. ПТРК Шолпан-Ата. «7 күн»