Хабар телеарнасы

Әлемде COVID-19 індетінен бір тәулікте 860-тан астам адам көз жұмды

860-тан астам адам көз жұмды. Бұл туралы ДДСҰ мәлімдеді.

Коронавирус пандемиясына байланысты шекаралар жабылып, оған қарсы қауіпсіздік шаралары күшейтіліп жатыр. Еуроодақ пен Шенген аумағына кіретін мемлекеттердің шекарасы 30 күнге жабылды. Азаматтардың ел ішіндегі қозғалысы да шектелмек. Францияда бұл ереже күшіне еніп, 15 күнге жалғасады. Кез келген жиналыстар, отбасылық мерекелерге тыйым салынған. Қазір барлық оқу орны, мейрамхана, спортзал мен кітапхана жабық. COVID-19 Еуропа елдеріне түгел тарап, кәрі құрлық індеттің жаңа ошағына айналғаны мәлім. Әсіресе Италия, Испания, Германия мен Франциядағы жағдай қиын. Сондай-ақ науқастар саны 1 мыңнан асқан елдер қатарында Нидерланд, Норвегия, Швеция, Бельгия мен Аустрия бар.

Түркия елі де коронавирусқа қарсы шаралардың ауқымын кеңейтті. Қазір елде қауіпті індетке шалдыққандар саны 47-ге жеткен. Халық көп жиналатын орындар мен ойын-сауық орталықтары жұмысын тоқтатты. Мешіттерде жамағат болып құлшылық жасауға да шектеу қойылды. Қауіпті дерт негізінен шетелдерден келіп жатқандықтан, Түркия 20 мемлекетке әуе рейсін тоқтатты. Кіші қажылықтан оралған 10 мыңнан астам түрік азаматы 14 күндік карантинге алынды. Індеттің таралуын тежеу үшін 60 жастан асқан кейбір қызметкерлерге үйде отырып, онлайн режимде жұмыс істеуге рұқсат етіліп отыр.

АҚШ-тың Сиэтл қаласында коронавирусқа қарсы вакцина сынағы басталды. Оған 18 бен 55 жас аралығындағы 45 ерікті қатысады. Ғылыми тәжірибе барысында препараттың әртүрлі дозасы егіледі. Осылайша мамандар вакцинаның кері және жанама әсерінің бар-жоғын анықтамақ. Жалпы вакцинаны жаппай қолданысқа енгізу үшін 1-1,5 жылдай уақыт қажет. Ал АҚШ президенті Дональд Трамп елдегі қоғамдық іс-шараларды тағы 15 күнге тоқтатуға шақырды. Бұған қоса коронавирустың таралуына тосқауыл қою үшін тұрғындарға жиналмауды және халық көп шоғырланатын жерлерге барудан бас тартуды ұсынды.

Айта кетейік, АҚШ-та 4 мыңнан астам адамнан инфекция анықталып, 90-ға жуығы қайтыс болды.