Хабар телеарнасы

«Хабар» арнасында «Белес» сараптамалық сұхбаты өтеді

Әділеттілік және қоғамдық сенім. Бұл екі құндылық бірін-бірі толықтырып тұратын егіз ұғым ретіндегі қоғамның сұранысы. Әділдік бар жерде сенімнің болатыны аксиома. Президенттің соңғы сайлауда жеңіп, қызметіне кіріскеніне бір жыл толуына орай белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері «Хабар» арнасына сұхбат беріп, сүбелі ойларымен бөлісті.

Әділетті Қазақстанды құру идеясының түп негізі және басты алғышарттарына тоқталды. Қоғам қайраткерлері Әлихан Бәйменов, Әділ Ахметов мырзалар «БЕЛЕС» сараптамалық сұхбатында мемлекеттіліктің дамуында кеткен кемшіліктер, уақыт тезінде туындаған қиындықтар мен оларды еңсеретін шарттар турасында ой толғайды.

Жалпы әділ қоғамды құру – бұл жалаң ұран емес, тәуелсіздіктің тарихында уақыт елегінен өткен мәселелерді әуелі тану, мойындау және онымен жұмыс істеу. Және әділдіктің қайнары – саяси жүйе немесе мемлекеттік машина емес. Қоғамның өзі– әрбір адам. Бұл демагогия емес, ашық талқы.

Рауан Кенжеханұлы, «Қазақ тілі халықаралық қоры» қоғамдық бірлестігінің президенті: 
- Ошақ басындағы әңгіменің өзі елдік мұрат, бүкіл болып жатқан жаңалықтар, қоғамды дүр сілкіндірген шығармалар, кітап, кино, болған оқиғаларды талқылайтын болсақ, бұл бізге қоғам ретінде өсуге мүмкіндік беретін талқы. Ал ондай талқы болуы үшін осындай бір сұхбаттар, азаматтардың бір ақтарылып әңгіме айтып, өзінің бір ойында жүрген мәселелерді ортаға салуы өте маңызды.

Ел ағалары кешегі тарих, қазіргі тіршілік пен ертеңгі болашақ хақында қарапайым сұрақтарға қатысты ой толғайды. «БЕЛЕС» сараптамалық сұхбаты «Хабар» арнасында сенбі, кешкі сағат 21:40-та «Жеті Күн» бағдарламасынан соң және жексенбінің кеші, сағат 20:40-та эфирге шығатынын еске саламыз. Арнамыз қосулы болсын.