Хабар телеарнасы

Ұшақтағы ойлар: Хиросима бірлігін берік етіп, абыройын арттырған тағам

Ұшақтағы ойлар: Хиросима бірлігін берік етіп, абыройын арттырған тағам

2023 жылдың 6 тамызы Хиросима мен Нагасакиге атом бомбасы тасталғанына 78 жыл толады. Бұл күн Хиросима күні және Дүниежүзілік ядролық қаруға қарсы күрес күні болып бекітілген.

 Ердана Ержанұлының Хиросимаға сапары, Үлкен жетілік саммитінде көрген-білгені жайлы «Ұшақтағы ойлар» мақалалар желісінен оқи аласыз:

 1) Ұшақтағы ойлар: Алашорда қызыққан Жапония, «Феникс қала» және сиқырлы бейсбол клубы. Сілтеме: https://khabar.kz/kk/news/alemde/item/149664-ushaktagy-ojlar-alashorda-kyzykkan-zhaponiya-feniks-kala-zhane-sikyrly-bejsbol-kluby

2) Ұшақтағы ойлар: Хиросимаға ребрендинг қажет пе? Сілтеме: https://khabar.kz/kk/news/alemde/item/150257-ushaktagy-ojlar-khirosimaga-rebrending-kazhet-pe

Жапониядан пәтеріме дейінгі сапар жалғасып келеді. Астанаға бет алған ұшақта бортсеріктің ұсынған тамағын құшырлана жеп отырып, тауық еті мен күрішке қосылған соус дәмінің дежавю сезімін тудырғанын байқадым. Ол дәмді осыдан үш күн бұрын Хиросимадағы Үлкен жетілік саммиті кезінде татқандаймын. Қандай тамаққа қосылған тұздық екені есіме бірден түсті. Окономияки екен.

Окономияки (c) Atariya foods

- Окономияки біз үшін ерекше тағам. Асқазанды ғана емес, жүректерді де тойдырады. Бала кезімде түскі, кешкі астарға қатар жей беретінмін. Менің күйеуім де бір жегенде бірнеше тәрелкесін тауысып қояды. Окономиякиді хиросималықтардың жақсы көретіні сонша қаланың әр бұрышында сол тағамды дайындайтын дәмхана-мейрамханаларды таба аласыз. Әрі түр-түрінен ауыз тиюге болады. Бәрімізді біріктіретін тағы бір дүние осы,-деді Ясуко Тойота ханым саммит кулуарындағы сұхбатта. Біздегі наурыз көже мен бауырсақ секілді маңызы бар тамақ па деп топшыладым. 

Ясуко Тойота, Хиросима тұрғыны

Тағамның атауы да қызық. お好み焼き (Окономияки) сөзі екі бөліктен: お好み (окономи) – «сіз жақсы көретін, cіз қалаған», 焼き(яки) – «қуырылған» деген мағыналардан тұрады. Рецептілерінің көптеп кездесуіне қарап этимологиясын зерттегендер «ұнатқан ингредиентіңді қосып қуыратын ас» дегенді білдіреді дейді.

Дайындау процесі (с) byFood

Бұл тамақ жайлы алғашқы жазбалар ХVI ғасырларда кездескенмен кең таралуы ІІ дүниежүзілік соғыстан кейінгі уақытқа келеді. Дайындалуы оңай, қосылатын заттары тез табылатын әрі қолжетімді болғандықтан дағдарыста жатқан елге бұдан артық деликатес табу қиынға соққан. Қиранды арасынан табыла кеткен темір қабырғаларды қыздырып, пеш етіп, бұйырған дүниесінен қалауынша қосып, осы асты талғажау еткен. Қаланы қайта өркендеткен тұрғындарға әл-ауқат болып, Хиросиманың қазіргідей гүлденген «Бейбітшілік қаласы» атануына өз үлесін қосқан. Адамдардың тапқырлығынан сол окономиякиді дайындайтын технологиялар мен асүй құралдары да өткен ғасырдың 40-50 жылдары дами түскен. Кейіннен Хиросиманың бас асына айналып, «көзірі» атанған. 2021 жылғы есепте 2000-нан аса окономияки мейрамханасының бар екені тіркеліп, Жапонияның «адам басына шаққанда ең көп окономияки мейрамханасы бар қаласы» атағы бұйырған (2021 жылғы хиросималықтар саны 1,198,222 адам). Тіпті «Окономияки ауылы» атанған қаланың қақ ортасындағы 4 қабатты дәмханалар кешені мен музей де туристер жиі баратын орынға айналған.

Окономияки ауылы

Окономияки ауылы

Ондай орынға Үлкен жетілік саммиті қарсаңында біз де бардық. Ұлыбритания Премьер-министрі Риши Сунак та болды. Британиялық саясаткер де, шетелдік 10 журналист те «Отафуку» деген соусымен танымал мейрамханаға ат басын бұрды.

Риши Сунак

Риши Сунак

Риши Сунак

 Келе салысымен даяшылар кей ингредиенттерге аллергиямыз бар ма, халал жейміз бе, вегетарианбыз ба деген секілді сұрақтарға жауап іздеп, артынша таңдауларымызға қарай үстелдерге жайғастырды. Мен доңыз етін қоспайтындар қатарында өз окомиякиімді жасайтын болдым. «Жапон пиццасы» атанып кеткен тамақты дайындау алдымен сұйық қамырдың жұқа қабатын май жағылған темір табада қыздырудан басталады екен. Алжапқышы мен аспаз бас киімін тағып алып, рөлге кіріп алғанбыз. 

Ердана аспаз

 Қамыр шелпектей болып қатая бастағанда аударып, қырыққабат, бұршақ өскіндері, қызанақ пастасы, тұздық, жұмыртқа, қарақұмық кеспесін қостық. Бәрін бірінің үстіне бірін қойғанда Фудзиямадай бір-бір «тау» алдымызда тұра қалды. Енді оның үстіне қамырдың екінші шелпегін қойып, жалпақтау етіп, аудару керек. Асқан ептілікті талап ететін процесте «бісмілләмді» айтып, көзді ашып жұмғанша өз окономиякиімді аударып жібердім. Абырой болғанда ішіндегі заттар шашылып қалмады. Көрші журналистерге қарап қоямын. Менікі әдемірек шықты ма деп балаша мәзбін.

Ердана аспаз

Ердана аспаз

 Шеф-аспаздардың жетелеуімен өз тамақтарымызды өзіміз қуырып жедік. Соусымен араласқан ыстық әрі дәмді окономиякиді таңдайымыз бен тілімізді күйдіріп ала жаздап, асығыс жеп жатырмыз. «Уф-уф» деп үрлеп қоямын. Осындай қызығушылықты Риши Сунак та танытқанын премьер министрдің баспасөз хатшылары да жариялап жатты. Жапон асынан дәм тату өзге де үлкен жетілік лидерлеріне бұйырған-ды. Бір қызығы оларға тамақты Күн шығыс елінің премьер министрі Фумио Кисида мен жұбайы Юко Кисида екеуі ұсынған.

Фумио Кисида жұбайымен қонақтарды күтіп алып жатыр

Фумио Кисида жұбайымен қонақтарды күтіп алып жатыр

G7 көшбасшылары жапон асүйінен ауыз тиіп жатыр

G7 көшбасшылары жапон асүйінен ауыз тиіп жатыр

Үлкен жетілік лидерлерінің жұбайлары жапон асүйінен дәм татып жатыр (c) The Japan News

Ресми һәм бейресми отырыстағы тағамдар тізімі жарияланып отырды. Тағамдардың көбі дерлік Хиросима префектурасының өз өнімі болғандықтан ба, біздің жақтан осындай дүниелер шығады, мынаны өсіреміз, мынаны өндіреміз деген ақпар да мәзірмен бірге қатар келіп жатты. Хиросима мидиялары, устрицалары мен сиыр еті, Аказа асшаяндарымен толтырылған Шығыс Хиросиманың тауық еті мен сакесі, Миядзима балы, Хиросимада өсірілетін грейпфрут пен апельсин гибриді – Хассаку цитрустық жемісі, Сето соя тұздығы, бұршақ тәттілері мен Момидзи Мандзу дессерті (Үйеңкі тоқаштары) болды. Бұдан бөлек көрші префектуралардан болған тағамдар да бар. Тіпті батыс асханасының таңдамалы туындылары Хиросима өңірінде өскен ингредиенттермен жасалып ұсынылды. Жапон тағамы болса да, жапон ингредиентінен жасалған батыс тағамы болса да, Хиросима тумасы Премьер-министр Фумио Кисида үшін бала кезінен өзі жеп өскен дүниелерді шетелдік меймандарға таныстыру еш қиын болмаса керек.

Үлкен жетілік көшбасшыларына ұсынылған тамақтар (c) The Japan News

Үлкен жетілік көшбасшыларына ұсынылған тамақтар (c) The Japan News

Үлкен жетілік көшбасшыларына ұсынылған тамақтар мәзірі

 

Жапонияда бір байқағаным – әр қала мен префектураның өз тағамы мен мақтан ететін туристік айырмашылығы болады. Бұл сырттан келетін шетелдіктер саяхатынан бұрын ішкі туризмнің де дамуына әсер еткен. Солтүстіктегі Саппородан келетін жапон Киотода басқаша ас ішсе, Хиросимада өзгеше дастарқанға куә болады. Осакада көрген мейрамы мен Окинавадағы фестиваль күнтізбелік жағынан ғана емес, мазмұны жағынан да ұқсас болмайды. Ұлтарақтай жердегі осындай алуантүрлілік Жапонияға келген туристі тартатыны сөзсіз. Әр қалада, әр аймақта жаңа дүниені көретін қонақ қалтасы жұқарғанша біраз жерге баруға асық болары анық. Шығыстың қазағына батыстың фишбармағы қызық болғандай таңсық дүниелер жұмбақша кез болып, құмар ойынша тартып әкете ме деймін. Бізде де халықаралық шаралар, жоғарғы деңгейдегі жиындар жиі өтеді емес пе?! Сол жерлердегі ас мәзірі Жаңарқаның қымызы, Алтайдың балы, Атыраудың бекіресі деп атап тұрып, «брэндімен» таныстырыла ма екен? Әлде шетелдік қонаққа өз асын қайта даярлап бере ме екен деген сұрақ келді. Тілші ретінде бұны да назарға ала жүрейін деп шештім. Үйретері көп Жапония тәжірибесіне сүйеніп, әр өңірдің өз көзірі болу керек және ол барынша кең насихатталуы тиіс деген ойға келдім. Ой жетегінде жүргенімде Астанаға да қондым. Еліміздің әр аймағында қайталанбас қандай ерекшелік бар екен, қайтсек Жапониядай боламыз деген сұрақпен көлікке міне кеттім.