Хабар телеарнасы

Ұшақтағы ойлар: Хиросимаға ребрендинг қажет пе?

Ұшақтағы ойлар: Хиросимаға ребрендинг қажет пе?

12 маусым БҰҰ Бас Ассамблеясы Ядролық қаруды таратпау туралы келісімді мақұлдағанына 55 жыл толды.

 Ұшақтағы ойлар: 1-мақала khabar.kz/kk/news/alemde/item/149664-ushaktagy-ojlar-alashorda-kyzykkan-zhaponiya-feniks-kala-zhane-sikyrly-bejsbol-kluby

Жапониядан Алматыға келіп, Астанаға бағыт алған ұшаққа міндім. Жер бауырлап, көтеріліп кеттік. Алмалы шаһар анық көрініп тұр. Ондағы халыққа да мен мінген әуе кемесі анық байқалары хақ. Жердегі адамдар аспаннан қанатты транспортты көргенде не ойлайды екен?

Өзім жерде болғанда «ұшақтағы жолаушылар қайда сапарлап бара жатыр екен?», «мені де алып кетсе ғой», «ақ мамық бұлт үстіндегі әлем қандай?» деген ойлармен қиял сүріп кететінмін. Меніңше, бұл бейбіт заманда өмір сүріп жатқан адамның ойы.

 

В-29 ұшағы әуеде

 

Ал Хиросимадағы Ясуко Тойота ханым басқаша ойлаған екен.

 - Ұшақтың өзін көрмек түгілі даусын естігенде бойымды үрей билейтін. Тағы бір «B-29» төбемізден келіп, атом бомбасын тастап жіберетіндей көрінетін, - деп балалық шағындағы бір қорқынышы жайлы айтты.

 

 Ясуко Тойота, Хиросима тұрғыны

 

- Бұл қорқыныш сезімінен қалай арылдыңыз? – деп едім, Ясуко ханым бір жылы естелікті ойына алғандай болып:

 - Оригами тырналарын жасау арқылы, - деп жауап қатты. «Сонда қалай?» деген сұрақтың бетімде бедірейе қалғанын байқады ма екен, себебін бірден түсіндіре кетті.

 - Хиросима балалары кішкентайынан қағаздан тырна жасауды ермек қылады. Сол процесс медитация іспетті. Көңіліңді аулап, мазалайтын ойлардан құтқарады. Оның әдемілігі үміт сыйлайды. Жарқын болашаққа деген сол үміттің болуы қаламыздың қайта құрылуының басты күші болды. Әркім өзінше үміт етті, өзінше үлес қосты, - деді.

 

Оригами тырналар

 

Сол үмітпен бой көтерген Хиросима қазір Бейбітшілік қаласы атымен әлемге үн қатады. Алайда қала тұрғындары Хиросиманың тек «атом бомбасынан жапа шеккен қала» лақабымен ел жүрегінде қалмаса екен дейді. Жалғыз ассоциация сол трагедия ғана болмаса екен дейді. Бейбітшілік қаласының көрсетері көп. Әркім өзіне ұнағанын таба алатындай көңілі кең шаһар. Тура атауындағыдай.

 

Хиросима © AIROS Skyview

Хиросима © AIROS Skyview

Хиросима © AIROS Skyview

 

 

広島 (Hiroshima) атауындағы алғашқы иероглиф 広、広い – «кең», келесі иероглиф 島- «арал» дегенді білдіреді. «Кең арал» дегенге саяды. «Қасірет қанша ауыр, апаты қанша алып болса да, осы аралға сыяды, арал шыдап бағады» дегендей байланыс байқалады. Әрине, «бейбітшілік аралы» әуелде атын алғанда адамзат тарихындағы алғаш атом бомбасынан жапа шегетінін білмесе керек. Бірақ қазір келген жанды тамсандырып, жығылған орнынан қайта тұрған күрескер рухты сезіндіре алатын шаһарға айналған.

 

Үлкен жетілік саммиті

Үлкен жетілік саммиті

 

Үлкен жетілік саммитіне келген журналистер арасында «Хиросимаға ребрэндинг қажет пе?» деген сұрақ болды. «Бәлкім трагедияны ұмытып, басқаша бағытта дамығысы келетін шығар» деген сауалдардан, ойлардан туған сұрақ. Әрі Семей қаласының жұрт арасындағы «жағымсыз» образы, «радиоактивті сәулелермен уланған» образы ойымда жүр. Әрине, қазір стереотиптерге жығыла кететіндер аз. Бірақ сескене қарап «сол жақтың адамдарында генетикалық аурулар бар ма екен?» дейтіндер де жоқ емес. Полигонның шаһардан шалғай жатқанына қарамастан, зәрлі алқаптың жалыны маңайын түгел шарпыған. Улаған. Сондай үрке қарау Хиросимаға да таныс. Себебі 1945 жылы атом бомбасы түскен соң, Жапонияның өзге қалалары тұрғындарының хиросималықтармен жақын араласа кетуіне жүректері дауаламаған екен. Мен сұхбат алған біраз адам сол «фобияның» қазір қалмағанын айтты. Оның түбегейлі ұмытылуы үшін «қалаға ребрендинг қажет пе?» деп сұрап көрдім.

- Атом бомбасына қатысты тарихымыз біз үшін өте маңызды. Ребрендинг ұғымының орнына «кеңею, ұлғаю» сияқты сөзді қолданар ма едім? – деп ойлана жауап берді Кейко Курису есімді тұрғын – Ядролық қару естеліктерінен бөлек Хиросиманың тұмса табиғаты ерекше көз тартады. Келген шетелдіктер сол жауһарларды білмейтін секілді.

Расымен, пандемияға дейінгі статистикаға сүйенсек, 2019 жылы Хиросимаға 67 миллион турист келген. Оның 2.7 миллионы шетелдіктер және олардың көпшілігі атом бомбасына қатысты нысандарға ғана барған. Жергілікті халық Хиросиманың өзге де қызықтарын білгенмен, біз секілді жатжерліктер байқамай қалып жатқанға ұқсайды.

- Жарылыстан соң «Хиросимада ештеңе көктемейді, жарамсыз жерден өсіп шығар ештеңе болмайды» деген болжамдар айтылған. Алайда, үмітсіз – шайтан ғой. Көптің тілегімен атом бомбасы түскен сәттен екі ай өтер-өтпес шешек атып, гүлдеген өсімдіктер болды. Сол гүлдер көңілі сынық халыққа демеу болғандай. Ертеңнен үміт зор екенін, қиындықты дәл сол нәзік гүлше жеңіп шығып, қайта гүлдейтінін білгендей, - деп өткенді еске алды бала кезінен Хиросимада тұратын Ясуко Тойота ханым.

 

Хиросима бағы

 

Рас, Хиросиманың гүлденгенін байқау қиын емес. Жоғарғы қабаттарға шығып, қала көрінісіне қарасаңыз «Шынымен осы қалаға атом бомбасы түсті ме?» деп ойланасыз. Егер қала билігі зұлмат заманның естеліктерін, қирандылар мен тарих беттеріндегі фотоларды жоқ қылса, сол трагедияны ұмытайық деп бекісе, ұмытылып-ақ кететін мүмкіндігі бар екен. Бірақ Бейбітшілік қаласы атану үшін, осы қасірет тағы қайталанбас үшін Хиросима «тыртығын» ашық көрсетіп тұр.

 

Хиросимадағы Атом бомбасынан қалған күмбезді ескерткіш

 

Көрсетері көп деп жоғарыда айтқанымдай, Үлкен жетілік саммиті аясында барған біраз жерді сіз де оқырман ретінде біле отырыңыз. Алғашқысы – Миядзима аралы.

 

Миядзима аралындағы журналистер

Миядзима аралындағы мемлекет басшылары

 

 

Чугоку таулары мен Сето теңізі арасындағы аралға Үлкен жетілік көшбасшыларынан бұрын барып көру бақыты бұйырды. Бізден кейін лидерлер келіп «отбасылық суретке» түсті. Осы қызыл қақпа, оған қарсы орналасқан Ицукусима ғибадатханасы және аралдағы өзге де мінәжат орындары мен сұлу табиғаты ортағасырлардағы Жапонияға алып кететіндей.

 

Ицукусима ғибадатханасы © World Travel Magazine

Ицукусима ғибадатханасы © Japan Up Close

 

 

1996 жылы Әлем мұралары тізіміне енген орынға су көліктерінің кез келгенімен кез келген күні баруға болады. Балаларға 140 йен, ересектерге 270 йенмен жетіп алуға болады. Жеткен кезде алдыңыздан маралдар қарсы алып, шынымен өзге әлемнің табалдырығынан аттағаныңызға көзіңіз жетеді.

 

Миядзима маралы

 

Аралдың жауһары саналатын Ицукусима ғибадатханасының негізі 593 жылы қаланған. Және аралдың өзінде емес, жағасында, су айдынында салынғанына қарап таңданасыз. Ғибадатхана қызметкерінен сырын сұрап едік:

 

- Бұл арал өте қасиетті саналған. Киелі болғаны сонша, арал топырағын жарып, үстіне құрылыс салуды құп көрмеген. Сол себепті қақпаны да, Ицукусиманы да теңізге салады, - деді.

 

Ицукусима ғибадатханасының қызметкері

 

Ықылым замандардан бері жапондардың рухани ем алып, тәу ететін жерлерін тамашалау үшін осы аралға келсеңіз, қателеспейсіз.

 - Ал егер белсенді қимыл-қозғалыстың жанкүйері болсаңыз, жұмбақша жасырылған Юки су қалашығына ат басын бұрыңыз,- деп кеңеc берді аудармашы-гид Риота Сато мырза.

 

Сато Риота, Хиросима тұрғыны

 

Оның айтуынша, бастауыш деңгей болса да, кәсіпқой экстремал болса да, Юкидегі тау өзендерінің ағысқа қарсы саяхатынан адреналинмен қатар, тамаша естеліктер жинап қайтуға болады.

 

Юки демалыс аймағы © Yuki Pla Net

Юки демалыс аймағы © Yuki Pla Net

 

Хайкинг бен кэмпинг секілді тауға өрмелеу хоббилерін 1050 метрлік Омине шыңында байқап, төбесінде маңайдағы Хиросима префектурасының елдімекендерінен бөлек, Чугоку тау-жоталар тізбегін, Миядзима аралын, тіпті алыстағы Кюсю аралына да көз тастауға болады. Ақ тер, көк тер болып қайтқан соң, жақсылап тамақ ішіп, «Юмото» ыстық онсендерінде (хауыздарында) буын-буыныңызды жібітіп, балқып кетесіз дейді.

 

Юки демалыс аймағындағы ыстық хауыз © Dive! Hiroshima

 Сато мырза Хиросима айналасындағы ерекше зауыттармен де таныстырды. Атом бомбасы жарылысынан аман қалса да, аққан ауруына шалдыққан Садаконың мың тырнасын білмейтіндер кемде-кем. Өз басым тарих сабағында мектепте оқығаным есімде. Дәл солай хабардар болған жандар жыл сайын тамыз айында әлемнің түкпір-түкпірінен оригами тырналарын жасап, Хиросимаға жолдайды екен. Көп болғаны сонша, оларды жай бір жерде жинай беру орын тапшылығына әкелетіндіктен, қағаз бұйымдарды қайта өңдеуге жіберу жолға қойылған. Сато мырза олардан блокноттар, стикерлер, сүлгілер мен киімдерге дейін жасауға болатынын айтты.

 

Сато Риота қағаздан қайта өңделіп жасалған киімдердің қасында, Хиросима тұрғыны

 

Одан бөлек бұл өңірде биссер тастары, қуыршақтар, қылыш-семсерлер, фукуямалық кото (жапон жетігені) мен шыны ыдыстар жасаудың шеберлері тұратынын білдім. Әсіресе сол бағалы шыны ыдыстар Үлкен жетілік саммитіне келген мемлекет басшыларына арнайы «тойдан тобықтай» етіп сыйланған екен.

 

Шыны ыдыстар

 

Осы секілді дүниелер Қазақстанның әр қаласында табылары анық. Әсіресе, Семейде. Ребрендингсіз-ақ, Хиросимадай өткен күннің қателігін болашақта қайталамауға шақырар «Бейбітшілік шаһары» атануға оның да қауқары жетеді. Кейінгі жылдары халықтың көкейінде жүрген «Алаш астанасы», «Мәдени орталық» мәртебелері, Абай, Шәкәрім, Мұхтарлардың туған өлкесі, қарт Ертістің әлеуеті, зауыттар мен фабрикалар, медицинаға бағытталған білім ордасы, тарихи нысандар – осының барлығын жиып, әлем қызығатын, тұрғыны мақтаныш ететін қала жасауға болатынына сенім мол. Солай шабыттанып отырғандағы күйімді бортсеріктің «сізге түскі асты тауық етімен ұсынайық па? Сиыр етімен бе?» деген сауалы бөліп жіберді. Таңдауымды жасап жатып, Хиросиманың тамақ әлемі, күллі Күн шығыс еліне танымал окономиякиі есіме түсті. Дәмі әлі таңдайымнан кетпеген жапон ас үйінің қызықтарын келесі мақаламда баян етейін.

 

Окономияки дайындап жатқан Ердана