Хабар телеарнасы

«Хабар» арнасында «Орындалмас арман» телехикаясы көрерменге жол тартады

Туындыда куаныш пен өкініш, байлық пен мансап, жалпы қазіргі заман бейнесі көрініс тапқан. Сериал қайда және қалай түсірілді?

Телехикая 25 жастағы Қайрат пен оның отбасында болып жатқан сан-алуан оқиғаларды баяндайды. Басты қақтығыс Қайрат пен өгей әкесінің арасында өрбиді. Шетелден білім алып, Алматыға келген Қайрат өзінің жүрек қалауы Іңкәр есімді арумен тағдырын қосқысы келеді. Бірақ бұл шешімге анасы қарсы шығады. Міне содан бастап отбасы арасында түсінбеушілік пен дүрдараздық болады.

Малика Маратқызы, телехикая редакторы:

- Жалпы телехикаяның халыққа берері мол деп ойлаймын. Өйткені бұл жерде отбасы мен бизнес арасында күрес жүреді.

Жанұялық жанжалдан жалыққан жас Қайрат үйден безіп тынады. Сөйтіп кибертехнологияларды меңгерген күмәнді топқа қосылады. Қылмыстық топ дәулетті кәсіпкерлердің жеке шоттарынан қаржы жымқырумен айналасыды. Солар арқылы өгей әкесінде қисапсыз байлықтың барын біледі. Көп жыл бойы анасын алдап келген өгей әкенің әккі әрекеттерін әшкере етуге кіріседі.

Самат Әлім, телехикая режиссері:

- Сериал жақсы түсіріліп жатыр. Бәрімен келісіп, тобымызбен жақсы жұмыс істеудеміз. Қазір пандемия әсерінен күшкене қиындықтар болуда. Бірақ оған қарамастан бәріміз жақсы жұмыс істеп жатырмыз.

Осылайша шындық іздеген Қайрат шытырман оқиғаларды бастан өткереді. Жалпы бұл туынды он сериядан тұрады. Әр сериясы 40 минуттан. Отандық телетуынды күзде «Хабар» арнасынан көрсетіледі.

Авторлары: Алмас Садуақас, Радик Жақыпов