Хабар телеарнасы

Майдангер Бағыт Қуанышев қарулас достарымен тағы бір мәрте қауышуға құштар

Жасы 90-ға таяса да Бағыт ағаның бір кезде әскерден алған тәлімі жадында әлі жаңғырып тұратындай. Бір кездегі сардардың сымға тартқандай самдағай денеге қандай киім болса да қона кетеді. Саулығындағы жалғыз кінәрат – көз жанары нашарлаған. Содан болар Елбасының арнайы құттықтауын оқи алмай кідірді. Жорық жолын Карелиядан бастаған майдангер-десантшы Дунайды азат етуге атсалысқан. Кейін Румыния, Австрия, Чехославакия арқылы жарты Еуропаны жүріп өткен жауынгер соғысты қиырдағы Харбинде аяқтапты. Қаншама қиындық көрсе де қажымаған Бағыт Қуанышев бүгінде бала-шағасының ортасында бақуатты ғұмыр кешіп жатыр. Көкірегі ояу қария Елбасының жасап жатқан барлық игілігінен хабардар екендігін байқатты.

Ұлт көшбасшысының ардагерлерге деген құрметін үлкен ықыласпен қарсы алды.

Бағыт Қуанышев, Ұлы Отан соғысының ардагері

- Бұл – әр Президенттің қолынан келе бермейтін жағдай. Мұны тек Қазақстанда, тек Назарбаев жасауы мүмкін еді. Солай болып та жатыр. 

Өзге қаруластары секілді Бағыт Қуанышев та алдағы күнге үлкен үмітпен қарайды. Сұрапылды көрген, талай сыннан сүрінбей өткен атамыз Ұлы Жеңістің 60 жылдығына арналған Мәскеудегі шеруге қатысқан болатын. Енді саулығы жетсе, Қызыл алаңға барып, қарулас достарымен тағы бір мәрте қауышуға құштар екендігін тілге тиек етеді. 

Қалима Қуанышева, келіні

-Көзінің кемігені болмаса, атамыз әлі де өзін тың сезінеді. Жағдайы жақсы, барлық материалдық игіліктерді уақытылы алып отыр. Сол үшін де Президентке, мемлекетке алғысымызды айтамыз. 

Бүгінде немере-шөберелерінің жанында отырған ардагер ағаның ермегі де сол ұрпақтары. Ол немересі Шыңғысқа сол қиын кездегі аталар ерлігі туралы айтудан жалыққан емес. Содан болар Кішкентай Шыңғыс үшін ең сүйікті дата – Жаңа жыл мерекесі мен Ұлы Жеңіс күні. Бүгінде ол атасымен қарсы алатын Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойын асыға күтіп жүр. 

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Талғат Өтеғұлов, Әзілхан Уахитов