Хабар телеарнасы

90 жастағы Клавдия Борзихинаның қазақ жеріне алғысы шексіз

«Біздің жастық шағымыз, құрбы-құрдастарымызбен бірге  колхоздың  жұмысын атқарып, соғысқа кеткен әскерлер үшін еңбек етумен өтті». -дейді кейуана.

Клавдия әжей жастық шағын күрсіне еске алды. Таңның атысымен астық жинап, кешке бау тоқитын жастар ауыл сыртындағы шөп жиналған үйшікке жеткенше асығатын. «Сонда ғана тығылып, бір көз іліп алушы едік», - дейді ол. 

Клавдия Борзихина, тыл ардагері 

- Жұдырығымызды жұмсақ, қан ағатын. Өйткені астықты қолмен жинап, қара жұмыстың барлығын қолмен жасайтынбыз. Балалар тәулігіне 2 сағат қана ұйықтайтын. Күн шығысымен бригадир келіп, аяғымыздан сүйреп оятады. Өйткені, ауылда еңбек ететін ер азаматтар қалмады. Қара жұмыстың барлығын әйелдер мен бала-шаға атқарды.

Астықта жүргенмен олар нанның дәмін татып көрмеді. Күніне бір картопты қанағат тұтып,  жаздың келуін асыға күтеді. 

«Сол кезде жабайы пияз шығатын. Соны талғажу етіп күн көрдік», - дейді тыл ардагері. 

Клавдия Борзихина, тыл ардагері 

-Аналары оларға  әрдайым: «Шыдай тұрыңдар, қан майданда  солдаттар ажал құшып жатыр. Әкелерің мен ағаларың да сонда. Біз оларға көмектесуіміз керек»,- деп күш  беруге тырысады. Ал, балалар болса, егіс алқабында  қардың үстімен  жалаң аяқ, аш жүре беретін. 

Клавдия Васильевна колхоздың жұмысынан бөлек педучилищені  «тездетіп»  аяқтап, бастауыш сыныптарға сабақ береді. Ол «Қажырлы еңбегі үшін» және «Ұстаздық еңбегі үшін» деген марапатқа ие болады. Алтайда өмірге келіп, соғыстың тауқыметін сонда жүріп  көрген Клавдия әжей 50 жылдан астам уақыт бұрын отбасымен  Қазақстанға көшіп келген. Осы топырақта тіршілігін домалатып, немере, шөбере сүйген зейнеткер әңгімесін: «Қазақ жеріне алғысым шексіз. Бізді бауырына басып, жатсынған жоқ. Осы жерде көгеріп, өсіп өндік. Сондықтан бәрімізге ортақ елімізде тыныштық, бейбітшілік болғай», - деген ақ тілекпен аяқтады. 

 Авторлары: Алуа Маханбет, Галина Мауленкова