Хабар телеарнасы

Зорлық-зомбылық жасағандарға жаза күшейтіледі

Мәжіліс депутаттары отбасына зорлық-зомбылық жасағандарға жазаны ауырлататын Заң жобасын мақұлдады. Енді Сенат пен Президент қол қойса есірген еркектерді жөнге салатын жаза Әкімшіліктен Қылмыстық кодекске ауысады. Отбасын қорлайтын қорқауларды енді қандай жаза күтіп тұр?

Былтырдан бері ең қызу талқыланып жатқан Заң жобасы бүгін мақұлданды. Ал ондағы өзгерістер мен толықтыруларды қазір рет-ретімен баяндаймын. Аталған Заң Президент Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен әзірленгені белгілі. Елімізде жыл сайын өз шаңырағында жүздеген әйел жақынының қолынан қаза табады. Әйелдер мен балалардың, қала берді елдегі барлық азаматтың құқығы мен бостандығына қол сұққандарды қатаң жазалау қажеттігін Мемлекет басшысы биыл жыл басында тағы еске салған.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Мен елімізде «Заң мен тәртіп» қағидатының орныға түскенін қалаймын. Сондықтан тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны қатайтуды толық қолдаймын. Біз заңсыздық пен қатыгездікке бір кісідей батыл қарсы тұруымыз қажет. Сондай-ақ қоғам нормалар мен ережелердің және жалпы адамзатқа ортақ құндылықтардың аяқасты болуын қатаң айыптап, онымен бірлесе күресуі керек.

Заңдағы басты өзгерістердің бірі бұған дейін Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінде болған денсаулыққа қасақана зиян келтіру және адамды ұрып-соғу баптары енді қылмыстық кодекске ауысты. Атап айтқанда, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтірген жуан жұдырықты 50 тәулікке дейін қамалуы мүмкін немесе 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді. Қазір бұл мөлшер 800 мың теңгеге жуықтайды. Ал кісіні ұрып-соғу немесе өзге де күш қолдану әрекеттерін жасағаны үшін 300 мың теңгеден астам айыппұл арқалайды немесе 25 тәулікке қамалады.

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Бұдан бөлек жаңа редакцияда денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделуде. Сонымен қатар жаңа редакцияда денсаулыққа қасақана орташа зиян келтіргені үшін 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылады.

Ал балаларға жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасаған азғындар мен кәмелетке толмағандарды өлтіргендер енді өмір бойына бас бостандығынан айырылады. Балаларды жолақысын төлемедің деген сылтаумен жолға түсіріп кететіндер де жазасыз қалмайды.

Еділ Оспан, ҚР Оқу-ағарту вице-министрі:
-Енді ол кішкентай бала. Кейде қаржысы жетпей қалуы да мүмкін. Бірақ мұның артында үлкен салдары болуы мүмкін. Баланың тоңып қалуы немесе қараңғы кезде басқа да қауіп-қатерлерге ұшырауы мүмкін. Сондықтан осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында осындай норма енгізіліп отыр. Біз министрлік мұны қолдаймыз. Бұл жерде жауапкершілік тікелей сол көлік жүргізуші мен кондукторға жүктеледі. Яғни сол баланы мінгізіп түсіруге жауапты азаматтарға қатысты болады.

Дәл осындай жауапкершілік интернаттар мен балалар үйлеріне де қатысты. Енді осындай әлеуметтік мекемелерді құзырлы органдар ескертусіз тексере алады. «Бұл да балалардың қауіпсіздігі үшін жасалып отыр»,— дейді депутаттар. Заңдағы тағы бір өзгеріс, кісіні өзіне қол салуға яғни суицидке итермелеген адам 5 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал өзіне қол жұмсауды насихаттағандар 800 мың теңгеге жуық айыппұл төлейді. Сонымен қатар Заң жобасы кәмелетке толмаған балаларды қорқытып-үркіткендерге, интернетте буллинг жасағандарға әкімшілік жауапкершілік жүктейді және мектептердегі қауіпсіздікке баса көңіл бөлінеді.

Мұрат Ергешбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Бізде жақсы бір тәжірибе бар болатын. Мектептерде ювеналды полиция жақсы қызмет атқарған болатын. Өкінішке орай, қазір ол ювеналды полицейлер үлкен қалалы мектептерде ғана орналасқан. Ал ауылды елді мекендердің, аудандардың мектептерінде ол жоқ. Сондықтан жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, осы ювеналды полицияны жандандыру керек деп мен ойлаймын.

Әйелдердің, кәмелетке толмаған азаматтардың қауіпсіздігін қорғауға бағытталған осы Заң жобасы әзірленіп жатқанда ел арасында «енді баласына дұрыс қарамаған ата-анадан мемлекет перзентін тартып алады-мыс» деген қауесет тараған. Бүгін депутаттар бұл әңгімені түбегейлі жоққа шығарды. Айтуларынша, Заң жобасы шаңырақты шайқалтуға емес, керісінше қауіпсіздік пен құқықтық мәдениетті отбасынан бастау мақсатында әзірленген. Ал ең бастысы заң тәрбиені білекпен емес жылы жүрекпен берген халық дәстүрін қайта жаңғыртуы тиіс дейді.

Мақсұтбек Айтмағанбет, «Әкелер одағы» РҚБ төрағасы:
-Тек заң ғана өзгертеді деген нәрсе емес бұл жерде. Бұл жерде біз тәрбие бойынша да жұмыс істеуіміз керек. Негізі ұрып-соғу дегеннен, бір-бірімізге тиісіп, ауыр болсын, жеңіл жарақат болсын одан біз арылуымыз керек. Қазақ халқында бұл болмаған нәрсе. Қазақ ешқашан әйелін сабамаған, баласын ұрмаған. Біз ақылға тоқтап, осы тәрбиемен, кеңеспен шешетін халықпыз. Соған біз оралуымыз керек. Сонда ғана осы мәселелер шешіледі деп ойлаймыз.

Аталған заңда тек жазалау ғана емес, алдын алу шаралары да қарастырылған. Мәселен, аймақ әкімдіктері әр ауданда отбасын қолдау орталықтарын ашуға міндеттеледі. Қиын отбасын ерте анықтау үшін мобильді топтар жасақтап, оларға психологиялық және өзге де көмек көрсететін 111 байланыс орталығын құру қажет. Сондай-ақ зорлық-зомбылыққа, қорқытуға ұшыраған балаларға жәрдем берудің жаңа бағдарламаларын әзірлеуі тиіс.