Хабар телеарнасы

Ардагерлер Жеңістің 70 жылдығын жаңартылған пәтерде қарсы алмақ

Бейнетінің зейнетін көріп отырған арда тұлғалар алыс-жақын мейманды лайықты құрметпен қарсы аламыз деп мәз-мейрам. Қазір бұл шаһарда көзі тірі 183 ардагер бар. Барлығы да дүбірлі тойды қарсы алуға асық.  

Ұлы Жеңіске қайсарлығымен жеткен ардагерлер айтулы мерекені асыға күтуде. Жасы тоқсанға таяған Әнуар ата отты жылдардағы қатерлі сәттерді қағазға түсіріп жатыр, әлі де болса тың. «Жетпісіміз аттанып, тек бесеуіміз аман оралдық»,- дейді қан майданнан.  Бейбіт күнге дін аман жеткен ақсақал туған күнін 10 немере мен 8 шөберенің ортасында Ұлы жеңіспен қатар тойламақ. Баспанасын жөндеп берген мамандарға алғысы шексіз. 

Әнуар Құсайынов, ҰОС ардагері

–Барлығына көптен-көп рахмет. Алла тағала дендеріне саулық, бастарына бақ-дәулет берсін. Ылғи көңіл бөліп барлығы. Мынаны қараш, бәленше мыңға барлығын салып берді. 

21 жасында жауға қарсы аттанған Мария Даниловнаның да көңілі жайлы. Санаулы күндер бұрын құрылысшылар аядай пәтерін айнадай етіп жарқыратып беріпті.  

Мария Курбатова, ҰОС ардагері

- Пәтерімді он-ақ күннің ішінде танымастай етіп жөндеді. Үлкен алғысымды айтамын. 

Тоқсанның біріне келген батыр әже әлі күнге дейін тігіншілікті тастаған емес. Ұл-қызынан айырылғанымен: «бар игілікті шөберелеріммен қызықтаймын» деп марқаяды.

Биыл Ұлы Жеңіс мерекесіне орай 31 ардагердің пәтері тұтастай жаңартылмақ. Мердігерлер жөндеу жұмыстарын қарияларымыздың талғамына сай жүргізуде. Игілікті іске қала қазынасынан 30 млн теңгеден астам қаржы қарастырылған. 

Азамат Ахметов, мердігер

-9 мамырда ардагерлерді құттықтауға келетін меймандардың қарасы көбейеді. Сол себептен, жөндеуді бастамас бұрын құрылыс материалдарын олардың немерелерімен бірге таңдаймыз. Сапасын кейін бағалай жатар. 

Көзі тірі ардагерлердің бірде-бірі әкімқаралардың қамқорлығынан қағылған емес. Қазір денсаулығы сыр бергендерге шұғыл көмек шақыратын құрылғылар таратылыпты. Дегенмен, қай-қайсысы болсын мерейлі жылды «Дабыл түймесін» баспай, дінаман өткізеріне сенімді.

Авторлары: Рымбек Қабиден, Марат Игіліков, Алексей Омельницкий.