Хабар телеарнасы

Күлбараш әженің ұзақ жасау құпиясы

Ғасырдан ұзақ жасаса да, әжейдің әлі қимылы ширақ, санасы сергек. Қария өзінің осы жасқа жетуінің басты себебін еңбектенгеннің арқасы деп біледі. 

Жастайынан көп қиындық көріп өскен ол соғыс жылдары қызылша егумен айналысқан. Одан кейінгі уақытта көпшілікпен бірге жол соғып, канал қазған. Тараз бен Жаңатас қаласының арасын жалғап жатқан теміржолдың құрылысында да Күлбараш әженің үлесі бар. Қария әлі де болса, шөбере-шөпшектеріне «Еңбек түбі – береке» екендігін айтудан шаршамай келеді.

Қарты бар елдің қазынасы бар. Аса ауылында Күлбараш Сүгірованы танымайтын, сыйламайтын жан жоқ. Өмір бойы еңбекті жанына серік еткен ол аудандағы талай істің бел ортасында жүрген. 

Күлбараш Сүгірова, тыл ардагері

-Әр әйелге 1 гектардан қызылша бөліп берді. Сонда 11 әйелдің ішінен мен 500 центнер қызылша алып бердім. 1943 жылы әйелдердің барлығы ер адамдар секілді жұмыс істеді, пойыз жолын салдық.

Күлбараш әже еткен еңбегінің жемісін көрді. Көпшіліктің құрметіне иеленеп, аудандық, облыстық деңгейде депутат болып сайланды. Ең бастысы: «Еңбектің арқасында осы жасқа жеттім»,- дейді ол. 

Күлбараш Сүгірова, тыл ардагері

-Таң ағарғанда қызылшаға барамыз. Ауа таза, жұлқынып еңбек етеміз. Еңбек етсең емерсің. Біреуден бір нәрсе сұраған жоқпын. Жақсылығы ма, жамандығы ма, дәрігерге барып көрген жоқпын көп.  

Қария білген-түйгенін ұрпақтарына үйретуден жалыққан емес. Әлі күнге дейін екі қызынан тараған 14 немере, 18 шөбере, 1 шөпшек пен 3 неменесінің жағдайларына алаңдап отырады.

Ілияс Қалыбек, кейуананың немересі

-Өзінің көрген қиыншылықтарын, өмір жолын әрдайым айтып отырады. Берген тәрбиесі мол, бізге және керекті.

Биыл тыл ардагері немере-шөберелерінің барлығын жинап, солардың ортасында өзінің 105-ке толатын туған күнін атап өтпекші. Отбасы мүшелері бұл айтулы күнге қазірден бастап тыңғылықты дайындалып жатыр.   

Авторлары: Нұржан Мергенбай, Тимур Сейілхан, Бақытжан Бапаев