Хабар телеарнасы

«100 жаңа оқулық»: Әлемнің үздік ғылыми оқулықтарын қазақ тілінде тануға мүмкіндік алдық

«Жеті жұрттың тілін біл, жеті бүрлі білім біл» демекші, әлемнің үздік ғылыми оқулықтарын әдеттегідей ағылшын не орыс тілінде емес, қазақ тілінде тануға мүмкіндік алдық.

Индира Жылқайдарова, тілші

- Шынында осы уақытқа дейін тек көркем әдебиет қана қазақ тіліне аударылып келді. Енді ғылымды қазақша сөйлететін сәт туды. Светлана Тер-Минасованың мына «Тіл және мәдениетаралық коммуникация» атты кітабы – өзге ұлт өкілдерімен жұмыс жасайтын әлеуметтанушы, дипломат, экономистер үшін таптырмайтын оқулық. Мәдениетаралық коммуникация – тіл білімінің жаңа саласы.

Басқа ұлттың таным-түсінігі, ұлттық ерекшелігімен тіл арқылы танысуға болады. Әлеуметтік бірлік, халықтар бірлігін бірінші орынға қоятын қазақ елі үшін бұл ерекше оқулық. Тілге қатысты Роберт Родман, Кина Хайамс, Виктория Фромкиннің «Тіл біліміне кіріспе» деген кітаптары да аударылды. Бұл іске жауапты редакторы болған профессор Шерубай Құрманбайұлы аударманың оңай болмағанын айтады.

Шерубай Құрманбайұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор:

- Аударма барысында қиындық туғызған мәселе терминдер мен жекелеген жалқы есімдердің берілуіне байланысты туындады. Әрине, былай әлем тілдеріне кең тараған, тіл білімінде қолданылып жүрген кейбір халықаралық терминдердің бірқатары сол қалпында алынды.

Шерубай аға: «Ғылымның тілі де ұлттың менталитетіне сай болуы керек», – дейді. Сөйтсе, оқыған жан тез қабылдайды. Әр халықтың, елдің өзіне тән мәдениеті, дүниетанымы болатыны белгілі. Осы тұрғыда аудармашылар кітап авторымен келісіп, қазақ мәдениетіне сай келмейтін тұстарын алып тастаған.

Шерубай Құрманбайұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор:

- Халықаралық терминдерді өзгертпей алумен қатар, қазақ тілінің өзіндік термин шығармашылығы, ойды дәл жеткізетін, әдемі табылған сәтті баламалар болса, оларды қолданудан да қашпау керек. Өйткені қазақ тілі ғылым тілі болатын болса, кейбір ғылыми ұғымдардың да атаулары жасалу керек. Біз кейде «халықаралық термин» дегенді желеу етіп алып, қазақ тілі термин жасау үшін жаратылмаған дейміз. Дайын нәрсені алудан да аулақ болмауымыз керек, бұл біржақты түсінік болады.

Айта кетейік, «Тіл және мәдениетаралық коммуникация» кітабы – осы жобадағы орыс тілінен аударылған жалғыз кітап. Еңбектің авторы қазақ оқырмандарына арнайы алғысөз жазып жіберген.

Есенгүл Кәпқызы, филология ғылымдарының кандидаты, журналист:

- Автор: «Адам тіл арқылы алған жарадан гөрі мәдениет арқылы алған жарадан көбірек зардап шегеді», – дейді. Сол үшін халықтардың мәдениетін білген жақсы болады. Мәдениетаралық коммуникация деген – халықтардың мәдениетін білу және сол арқылы оларға жақындау. Тіл және мәдениетаралық коммуникацияның үлкен енгізген жаңалығы деп осыны айтар едім.

Рухани жаңғыру толық іске асу үшін ең әуелі сана модернизациялануы керек. Заматта құбылған жаһанда технология ғана емес, гуманитарияның да көшінен кеш қалмау мақсат. Осы орайда тіл білімінен басқа тарих пен саясаттану, әлеуметтану мен философия, психология, антропология ғылымдары бойынша да аударма жасалды. Әзірге жоспардағының төрттен бірі – 18 кітап дайын.

Рауан Кенжеханұлы, Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры:

- Бұл оқулықтар дүние жүзіндегі ең ілгері деген оқу орындарының бағдарламасында болуы тиіс. Өзіне деген сұранысты дәлелдеу үшін әр оқулық кемінде 3 мәрте басылым көруі тиіс. Өзектілігін растау үшін соңғы басылымы соңғы 3 жылдың ішінде болсын. Содан кейін қазіргі оқулықтар кітап емес, сонымен бірге қазіргі технологияға негізделген түрлі интерактивті құралдармен жүреді. Олар да бірге жүрсін деген талаптар қойылды.

Оқулықтардың барлығы талай данышпанды оқытып шығарған Гарвард, Стенфорд, Оксфорд секілді әйгілі университеттердің оқыту бағдарламасына енгізілген. Құнды кітаптарды шетелдік студент 280 долларға сатып алса, қазақ елі білім қуған жастарға тегін таратпақ. Бұл – Елбасының теңдессіз жобасы. «Жастарға, ғалымдарға деген мұндай қамқорлық еш елде жоқ», – дейді мамандар.

Рауан Кенжеханұлы, Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры:

- Әдетте мұндай оқулықты дайындауға баспаға 2 жылға дейін уақыт кетеді және орташа есеппен жарты миллион доллардан 3 миллион долларға дейін ақша шығады деп бізге халықаралық әріптестеріміз, баспалар түсіндіріп айтты. Сондықтан оқулықтар жеке сатылатын болса, өте қымбат тұрады. Тіпті «Болашақ» бағдарламасымен оқып жүрген біздің студенттер оқулыққа арнайы қаражат бөлетін. Ал оны мемлекет тарапынан аударып, тегін тарату бұл еш жерде жоқ тәжірибе.

Қазақ тілінде жарық көрген философиялық кітаптар да сапалы әрі ұғынықты етіп аударылған. Философия ғылымдарының докторы Төлеуғали Бөрібаев: «Пәлсапа – дүниетаным, түйсікті кеңейтетін бірден-бір ғылым», – дейді.

Төлеуғали Бөрібаев, философия ғылымдарының докторы:

- Қазір прагматикалық заман. Прагматикалық қоғамда прагматикалық ой кешетін, нақты ойларды айтатын кітаптар керек. Сократ, Аристотель, Платон туралы жалпы философия туралы өздерінің көзқарастарын кеңейту керек. Осы жағынан келгенде біздің білім кеңістігімізді кеңейтуге өз әсерін тигізеді деп ойлаймын.

Карен Армстронг – ағылшын теологы, философ һәм публицист. «Құдайтану баяны» деген жер-жаһанға танымал еңбектің авторы. Бұл кітапты Колумбия, Гарвард, Оксфорд сынды үздік университеттер пайдаланады. Амантай Шәріп – «Құдайтану баянын» түпнұсқадан ана тілімізге аударған мамандардың бірі.

Амантай Шәріп, филология ғылымдарының докторы:

- Кітаптың авторы Карен Армстронг – дүниеге мәшһүр ғалым. Ол ондаған кітаптың авторы. Оның бұл кітабы әлемнің 40-қа жуық тіліне аударылған. Карен Армстронгты әлем мойындаған батыл теолог деп айтуға болады.

Діни ғылым жайлы кітапты тәржімалау қиынға соққан. Әсіресе шетел терминдерінің қазақша баламасын табу оңай болмаса керек. Әрі діни мәселе қашан да нәзік, оның мән-мағынасын бұрмаламай тура жеткізу де аса маңызды.

Амантай Шәріп, филология ғылымдарының докторы:

- «Козел отпущения» деген сөз бар. Жұрттың барлығы біледі. Бұл еврей жұртының құрбандық шалу рәсіміне қатысты айтылған сөз екен. Құрбандыққа екі текені, бір бұзауды, бір қозыны шалады. Бәрі құрбандыққа шалынған кезде бір теке аман-есен қалады. Оны тірі қалдырады. Мойнына бүкіл адамзаттың күнәсін арқалатады. Мүйізіне қызыл шүберек байлайды да, еркіне жібереді. Біраздан соң құздан құлатып жібереді. Сонда ол бүкіл адамзаттың күнәсін арқалап кеткен теке болып тұр. Сондықтан оны «күнәһар теке» деп аударуға тура келді.

Жарғақ құлағы жастыққа тимей, 18 кітапты аударған ғалымдар тіл қорымызға бас-аяғы 3 мыңнан астам жаңа ұғым қосқан екен.

Айымжан Рыскиева, І.Жансүгіров атындағы «Жетісу» МУ кафедра меңгерушісі:

- Аудару барысында бірізділік қалыптасады екен, терминология, соның барлығымен жұмыс жасадық. Реми Хесстің «Философияның таңдаулы 25 кітабы» деген кітабын аудардық. Бізге де үлкен жаңалықтар болды, жаңа есімдер енді. Автордың өзімен де сұхбаттастық, өзіміз ой бөлісіп, әлемнің ең үздік ғалымы турасында сөз қозғадық. Автор Астанада рухани жаңғыруға қатысты конференцияға келді. Астананы көріп таңғалды, жастардың білімін көріп таңғалды.

Арнайы жұмыс тобының талаптарына сай келіп, комиссия бекіткен оқулықтың бірі – «Әлеуметтік психология». Белгілі америкалық психолог Дэвид Майерстің бұл еңбегін Еуразия ұлттық университетінің 8 оқытушы-профессоры аударған. Бұл оқулық АҚШ және Еуропаның үздік жоғары оқу орындарының бағдарламасына енгізілген.

Гүлнәр Шолпанқұлова, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ доценті:

- Қазақ халқына бұл кітап не береді дегенге келетін болсақ, әлеуметтік психология саласында, сол мамандықтарда пайдалануға болады. Екіншіден, келтірілген мысалдарды қазақ ұлты өзінің менталитетіне сәйкестендіріп, икемдеуге болады.

Ағылшын тілінен қазақшаға «Әлеуметтік психологияның» тың дерекке толы 12-басылымы аударылды. Педагогика ғылымдарының докторы, аударушы топтың жетекшісі Қадиша Шалғынбаеваның айтуынша, бұл оқулық әлеуметтік психологияның дамуына үлкен үлес қосады.

Қадиша Шалғынбаева, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ кафедра меңгерушісі:

- Әлеуметтік психологияға байланысты оқулықтар бізде өте аз. Бар-жоғы 2-3 оқулық бар. Оның өзі шағын көлемде. Америкалық ғалым Майерстің оқулығының көлемі өте ауқымды болып отыр.

Мақсат Дүйісмағамбетов, «100 жаңа оқулық» жобасының әдеби редакторы:

- «Көпке ұмтылған жалғыз», «Әлеуметтік психологияға кіріспе» деген кітаптың әдеби редакторы болдым. Екі кітаптың авторы да – Американың белгілі ғалымдары. Әлеуметтік псилохология кітабының авторы – 17 монографиялық еңбек жазған үлкен ғалым.

Қазір отандық баспа қызметінің жұмысы қауырт. Олар алғашқы 18 оқулықты шығаруға білек сыбана ісіне кірісіп кетті. Әлем жұртшылығы сүйсіне оқитын бұл еңбектердің ана тіліміздегі электрондық нұсқалары толықтай 100kitap.kz бағдарламасының ресми сайтына да енгізіледі.

Гүлжихан Нұрышева, философия ғылымдарының докторы, профессор:

- Президент бағдарламасында сананың ашықтығын айтты. Біз бұрын тек қана тұйықталып, белгілі бір кеңістікте қолданылатын оқулықтарды негізінен орыс тілінен аударып, пайдаланып келсек, бұл жерде жаңа мәселелер, жаңа көзқарас, жазу тәсілі біз үшін өте пайдалы болды деп айтуға болады. Біз аударған мысалы, Дерек Джонстонның философия оқулығының мазмұны онша қиын емес, тілі де өте жақсы.

Ал Қазақстанда негізінен мәдениеттану ретінде дамыған антропология ғылымы да ерекше кітаппен толықты. Алан Барнардтың «Антропология тарихы мен теориясы» кітабын аудару барысында «феминизм», «шаманизм» сөздері тап сол күйі қалдырылған.

Жұлдыз Жұмашева, PHD докторы:

- Антропология ғылымы батыстық бағытта дамыған. Бізде мәдениеттану ретінде белгілі. Екеуінің өзіндік ерекшеліктері болды. Бұл кітапты аударғанда қиындықтар болды, біраз терминдер аударылмаған болды. Антропология бойынша бірқатар кітап тіпті орыс тіліне де аударылмаған. Антропология бағыты, әдістемелігі бойынша қазақ тілінде кітаптар мүлдем жоқ. Бұл – ең алғашқы кітап.

Осы айда 180 мың данамен жарық көрген 18 кітап тегістей еліміздің жоғарғы оқу орындары мен барлық ұлттық кітапханаға таратылмақ. Ал жыл соңына дейін тағы 30 кітапты қазақ тіліне аудару міндеті тұр. Бұл ретте тарих, өнер, әдебиет, педагогика мен экономикалық бағыттарға басымдық берілетін болады.

Назгүл Қожабекова, Ұлттық аударма бюросының редакторы:

- Қазіргі таңда жаңа оқулықтарды аудару жұмысы басталып кетті. Бұл үрдістің алғашқы кезеңінен редакторлар да қызу жұмысқа тартылды. Жыл соңына дейін қазақ тіліндегі дайын оқулықтардың санын 48-ге жеткізетін боламыз.

«Ғылым аспайтұғын қыр, ашпайтұғын сыр жоқ». Жаңа оқулықтар білім қуған кез келген жан үшін қолжетімді болмақ. Кітап түрінде, электронды нұсқасы және видеотека форматында дайындалмақ. Жоспар бойынша, әлемдік ғылымды танытатын 100 үздік кітапты түгел аудару алдағы екі жылда аяқталуы тиіс.

Авторлары: Индира Жылқайдарова