Хабар телеарнасы

Қарағанды облысындағы Қаныш Сәтбаев тұрған үй музейге айналды

Қарағанды облысының Қарсақбай кентіндегі Қаныш Сәтбаев тұрған үй күрделі жөнделіп, музей болып ашылды. Мұнда ғалымның жеке заттары, қаншама құнды құжаттары қойылған.

Ал Жезқазған қаласындағы мұражай қоры тағы бір баға жетпес жәдігермен толықты. Әйгілі археолог Антонина Ермалаева қазақтың көрнекті ғалымы Қаныш Сәтбаев тапқан гранат тасын тапсырған.

Қаныш Сәтбаев – Қарсақбай қойнауында мыстың мол қоры бар екенін дәлелдеп, өңірдің болашағын дәл болжаған данышпан ғалым. Кейін бұл өңір Қазақстандағы түсті металлургияның қарашаңырағына айналды. Дәл сол 1929-1941 жылдар аралығында Қаныш Сәтбаев отбасымен осы үйде тұрған. «Қарашаңырақта қаншама зерттеу жұмыстары, ғылыми шешімдер жасалды», – дейді тарихшылар.

Ал үйдің екінші басында Қазақстанда алғаш құрылған геологиялық барлау мекемесінің бас кеңсесі болыпты. Қазір бұл көне ғимарат күрделі жөнделіп, музей болып ашылды. Мұнда шамамен 3 мыңға тарта құнды жәдігер бар.

Зейпін Қазанбаева, мұражай директоры:

- Негізінен барлығы дерлік түпнұсқа, раритет жәдігерлер болып саналады. Бұл жердегі ең ескі жәдігерлер, Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың «Атбасарцветмет» тресінен бері келе жатқан өзі отырған үстелі. Сосын ол кісінің геологиялық сызба үстелі және жеке заттары. Бұл да Ахмет ағамыздың және Таисия Кошкина мен Мейіз Қанышевнаның арқасында жинақталған.

Қаныш Сәтбаевқа қатысты тағы бір құнды жәдігер Жезқазған музейіне тапсырылды. Өткен ғасырдың 20-30-шы жылдары ғалым дәл осы өңірде геологиялық-барлау жұмыстарын жүргізген болатын. Сонда табылған гранат тасын әйгілі археолог Антонина Ермалаева мұражай қорына өткізді. Таспен бірге Қаныш Сәтбаевтың өз қолымен жазылған минералдың химиялық-физикалық сипаттамасы да бар.

Ғабдол Әуезов, тарихшы, археолог:

- Бұл тасты Қаныш Имантайұлы Сәтбаев өзінің жиені Кемал Ақышевқа сыйлаған. Кемал Ақышев қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби археолог. Кемал Ақышев өзінің ұлы Әлішер Ақышевқа сыйлаған. Әлішер Ақышев осы өңірді бірнеше жылдан бері қазып келе жатқан Ермалаева Антонина Сергеевнаға сыйлаған.

Айта кету керек, қазір мұражай қорында бұдан бөлек Қаныш Сәтбаевтың дала сөмкесі, галстугі, планшеті сақтаулы.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Әсет Асайынов