Хабар телеарнасы

Алты алаштың атағын аспандатқан бүркітші қыз алғаш рет Астанаға келді

Алты алаштың атағын аспандатқан бүркітші қыз Айшолпан алғаш рет Астанаға келді. Шартараптың 30 елін шарласа да, қазақ жеріне бірінші мәрте сапарлап келуі. «Ерекше әсер қалдырды», – дейді.

Айтуынша, Моңғолияда өткен бүркітшілер сайысында кілең ер адамдар арасында жалғыз қыз бола тұра, бас жүлдені иеленген. Дәл осы жетістігі әлем назарын аудартқан. Содан бастап қаршадай қыз туралы деректі фильм түсіріліп, әлемдік БАҚ өкілдері ақпарат таратты.

Армандаған. Асу бағындырған. Атамекенге асыққан.

Айшолпан Нұрғайыпқызы, бүркітші:

- Өзіме мақсат қойдым. Жарайды, мен бұған шыдаймын. Қанша болса да, жығылмаймын.

Қазақтың қаршадай батыр қызы алдына үлкен мақсаттар қоя білді. Соның бірі атамекенге ат басын бұрып, қасиетті топыраққа табан тигізу еді.

Бүгінде бұл арманы ақиқатқа ұласты. Әлемнің 30-дан астам елін араласа да, осы жолғы сапары мәңгі есте қалмақ. Қазақтың қадір-қасиетін асқақтатуға үлес қосқан қызды, «Білім – Инновация» халықаралық қоғамдық қорының өкілдері арнайы Баян-Өлгейге барып ертіп келді.

Дархан Ермаханұлы, «Білім – Инновация» халықаралық қоғамдық қорының президенті:

- Қазақстанға алып келудегі басты мақсатымыз өзіміздің қазақтың жас өсіпірмдеріне Айшолпанның үлгісінде ұлттық кодымызды, жалпы қазақ қызының келбеті қандай болу керек, осыны көрсеткіміз келді. Жалпы біздің қаракөздеріміздің бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру мақсатында алып келіп отырмыз.

Ұлт ұятын ұлықтаудан көрініс табатын Айшолпанның тағылымы тәрбиеге толы. Бауырмал. Тіршілікке еті тірі. Қайсарлығы тағы бар. Сондықтан болар, Сахараның сайын даласына патшалық құрған қырандарды қолға үйретіп, өжеттілігімен, өрелі өнерімен көпке танымал.

Айшолпан Нұрғайыпқызы, бүркітші:

- Қыс уақытында сабақта боламын. Демалыс уақытында үйге келіп, әке-шешеме көмектесемін. Әрине, жазда ақтамақ алатын уақыт болады. Таңертең тұрамыз, сиыр сауамыз. Сары май, құрт жасаймыз. Одан кейін мал соямыз дегендей көптеген нәрселер болады.

Бұл – батыр қыздың Баян-Өлгейдегі күнделікті тірлігі. 13 жасында жарқ етіп, жарты әлемге танытқан да осы әрекеттері еді. Көшпенді халықтың көрінісінен сыр тартқан, ата-дәстүрді бұзбай сақтап қалғандығы бізді де қуантты.

Авторлары: Бірлік Берікұлы, Болатбек Таубалдиев