Хабар телеарнасы

Елімізде блокчейн технологияларды реттейтін заңнама қажет

Блокчейн – қарапайым тілде «хакерлерге», алаяқтарға дес бермейтін, қорғанысы мықты мәліметтер базасы. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында қазір мемлекеттік мекемелер, ұлттық компаниялар осы блокчейн технологияларға мойынсұна бастады.

ҚР Ұлттық банкі, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Қазақтелеком» АҚ, «Қазпошта» АҚ компаниялары блокчейннің игілігін көруде. Блокчейн жүйесі жұмысты жылдамдатып, ашықтықты талап етеді. Сәйкесінше, жемқорлық та азаюы тиіс. ҚР Қаржы министрлігі де блокчейнді енгізіп, мәселен, құн салығын қайтару үрдісін жеделдетпекші.

Асқар Жұмағалиев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

- Блокчейн технологияларды жүзеге асыруда басқа нормалар қажет болып отыр. ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі серпінді жобалар негізінде заңнамалық өзгерістерді әзірлеп, алдымен Үкіметтің қарауына тапсырады. Кейін біз Парламентке жібереміз. Себебі бұл нарыққа өте қажет.

Жаңа халықаралық қаржы орталығы да блокчейн жүйесін дамытып отыр. Орталық электрондық коммерцияны бір жолға қойып, криптовалюталар нарығын реттеу тұжырымдамасын құрды. Смарт келісімшарттар, блокчейн-әмиян, мұның бәрі – су жаңа қаржылық технологиялар.

Асылбек Дәулетов, «АХҚО» АҚ Қаржы технологияларын реттеу жөніндегі департаментінің директоры:

- Биктоиндар мен басқа да виртуалдық валюталар пайда болғалы, тиындарды орналастыру механизмі де құрылды. Қаржы тартудың бұл түрін бақылауға арнайы заңнама қажет. Бұл ретте біз АҚШ-тың тәжірибесін зерттеп жатырмыз. Қазір құнды қағаздарды шығару режімін кеңейттік.

Блокчейн үшін арнайы ереже қажет. Бұған қоса инфрақұрылым керек. «Зерде» ұлттық холдингі мен телекоммуникациялық операторлар оны құрғанымен, әлі де жетілдірген жөн», – дейді мамандар.

Авторлары: Индира Жылқайдарова, Бекболат Базаров