Хабар телеарнасы

Білім грантының додасына 75 430 адам қатысқан

Жалпы биыл ҰБТ тапсыруға жиын саны 102 447 өтініш түскен. Бірақ білім сынағына соның 98 698-і ғана қатысты. Араларында техникалық мамандыққа түскендері басым.

«Бес әлеуметтік бастама» аясында 20 мың қосымша грант бөлінгені белгілі. Оның 11 мыңы техникалық мамандықтарға бағытталса, 3 мыңы Магистрларды дайындауға, бір мыңы PhD докторларын оқытуға және 5 мыңы өзге, нарықта талап етілетін мамандықтарға бөлінді.

Былтыр 37 932 білім гранты берілген болатын. Биыл жалпы гранттар саны – 53 594. Оның 50 944-і күндізгі оқуға болса, 2 650 орын жоғарғы оқу орындарының дайындық бөлімдеріне бөлінді. Ауыл шаруашылығына 2 785, педогогикалық бағытқа 9 499, гуманитарлық мамандықтарға 1 450, құқық саласына 100, шығармашылық мамандықтарға 300, медицинаға 2 700, ғылым бағытына 3 246, қызмет саласына 2 330 және әскери іс пен қауіпсіздік бағытына 500 грант бөлінді.

Жалпы білім грантының додасына 75 430 адам қатысқан. Оның ішінде 60 327 адам қазақша, 14 810-ы орысша, 293 түлек ағылшынша оқитын болды.

Сондай-ақ биыл қазақ диаспорасының, яғни ұлты – қазақ, бірақ азаматтығы өзге 862 азамат білім грантына қол жеткізді. Айтпақшы, олардың арасында 25 балл жинап грантқа ілінген түлек те бар. Мұндай көрсеткішпен ол бәсекелестік төмен «Дене шынықтыру және спорт» мамандығына түскен. Ал жоғары 133 балл жинаған түлектер жалпы медицина саласында оқымақ.

ҰБТ-дан ең көп, яғни 140 балл алған алматылық түлек Шиара Құдайбергенова қаржыгер мамандығын таңдапты. Сүлейман Демирел атындағы университетке грантпен түсіпті.