Хабар телеарнасы

Биыл 53 мыңнан астам мемлекеттік білім гранты бөлінді

Бүгін 2018 жылғы мемлекеттік білім гранты иегерлерінің толық тізімі шықты. Онда жиын саны 53 594 студенттің есімі жарияланған. Іріктеуді арнайы республикалық байқау комиссиясы жүргізді. Сонымен қай мамандыққа сұраныс жоғары? Қай салаға грант көп бөлінді?

Манаш Қозыбаев атындағы мемлекеттік университетке биыл мың мемлекеттік грант бөлінген. Одан бөлек, «Серпін» бағдарламасы бойынша 500 және педагогикалық мамандыққа 300 грант беріліпті. Университетте бас-аяғы 93 мамандық оқытылады.

Ербол Исакаев, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ проректоры:

- 93 мамандықтың 57-сі бакалавриат. Оның 8-і жаңа мамандық. Биыл  жергілікті атқарушы билік ауыл шаруашылығы мен медицинаға 75 грант қарастырып отыр. Оған құжат тапсыру басталды. Мемлекеттік грантқа ілікпеген жастар осы грантқа 10 тамызға дейін құжат тапсыра алады.

«Аузы күйген үрлеп ішеді». Биыл министрлік тарапы талапкерлерге былтыр қай мамандыққа қанша грант бөлінгені туралы қосымша ақпарат қағазын таратты. Яғни талапкер қай мамандыққа «талас» көп екенін құжатын тапсырмай тұрып біліп отырды. Осы жолы да заңгер болғысы келетін түлек көп. Одан кейін медицина мен қаржы мамандығы. Ал шетел филологиясы, оның ішінде неміс және француз тілдеріне сұраныс жоқ.

Асхат Аймағанбетов, ҚР Білім және ғылым вице-министрі:

- Әдейі көрі үшін арнайы парақша жасап бердік. Өйткені алдыңғы жылы 38 ғана орын бөлінді. ҰБТ сертификатымен болсын. Соны көре тұра көбісі азаматтарымыз сол мамандыққа құжаттарын не болса да алып барады.

Осының бәрі – өткен жылдардағыдай дау болмас үшін жасалған амалдар. Айта кетейік, биыл техникалық жаңа мамандықтарға да грант бөлініп отыр. Ал балабақша тәрбиешісі сынды кей мамандықтарға құжат тапсырылмаған. Оның гранты өзге қажетті деген мамандықтарға беріледі. Колледж түлектеріне де грант қарастырылған.

Асхат Аймағанбетов, ҚР Білім және ғылым вице-министрі:

- Мысалы балабақшаның мамандығында қазақ тілді орын қалып қойды. Біз оны сол мамандықтың  ішінде орыс тіліне береміз. Егер орыс тілінде болмаса жаңағы қысқартылған мерзімге береміз. Қысқартылған мерзім болмаса, онда жалпы педагогиканың ішіндегі басқа мамандықтарға береміз.

Бұрын этникалық қазақтарға 2 пайыздық квота берілсе, осы жылы 4 пайыз. Ал ең төмен балмен биыл да жетім және мүгедек мектеп бітірушілер грантқа ілікті. Бәрін айт та, бірін айт: бөлінген 53 мыңнан аса гранттың барлығы қажетті деген мамандықтарға бөлінеді. Елбасының тапсырмасымен техникалық мамандықтарға арналған қосымша 20 мың грант келер жылы да жүзеге асады.

Авторлары: Айбар төлжанұлы, Бекболат Базаров