Хабар телеарнасы

Астанадағы Байқоңыр ауданында ғарышкерлер саябағы салынады

Бірлік Берікұлы, тілші:

-Мәселен, мына тұрғын үйдің кіреберісіне су жаңа домофон орнатылған. Ерекшелігі не дейсіз ғой? Ол күні-түні кім келіп кеткенін камерадан бақылай аласыз. Яғни смартфонға орнатылған арнайы бағдарлама арқылы кілтіңізді ұмытып, үйге кіре алмай жүрсеңіз, смартфон арқылы есігіңізді аша аласыз.

Байқоңыр Астананың көне әрі жаңа ауданы болып есептеледі. Тұрғын үйлердің көбі 1970-1980 жылдары салынғанымен, ауданның өзі бірнеше ай бұрын ғана құрылған. Биыл аудандағы 73 аула мен 38 көше ретке келтіріледі.  

Ерлан Каналимов, Астана қаласы Байқоңыр ауданының әкімі:

-Біз ауданға қатысты барлық мәселелерді реттеудеміз. Осы жолы 73 алаңның жөндеу жұмыстарын аяқтаймыз. 12-сінде жұмыс жүріп жатыр. Ал 11-і қала күніне дейін аяқталады.

Аудан көшелерінің біріндегі шлагбаумдар мен шамдарға ақылды жүйе енгізіледі. Барлығы 30 инновациялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Ол инвесторлар есебінен қаржыландырылмақ. Қазір 52 тұрғын үйге заманауи жабдықтар орнатылған.

Дина Шаркеева, Байқоңыр ауданының тұрғыны:

-Өте қатты ұнайды. Барлығы ыңғайлы. Алыс қашықтықтан тұрып, есік аша аламын. Барлығын ұялы телефон арқылы басқаруға болады. Мұндай жүйе бұл заманда өте маңызды.

Әлия Тойбаева, Астана қаласы Байқоңыр ауданының тұрғыны:

-Біз бүгін суық және ыстық суға есептегіш құрал мен модемдер орнаттық. Барлығы онлайн жүйеде. Енді бізге электр энергиясын бақылайтын қондырғы орнатамыз деп айтты. Бұл өте маңызды.

2022 жылға дейін ауданда 4 мектеп пен 2 отбасылық дәрігерлік амбулатория және 30 заманауи аялдама салынады. Ол ол ма, Байқоңыр ауданының аты затына сай болсын деп, ғарышкерлер саябағы және обсерваториясы бар мектеп салу қарастырылған.

Авторлары: Бірлік Берікұлы, Айбын Құсанбеков, Болатбек Табалдиев