Хабар телеарнасы

«Үркер 2018» ұлттық сыйлығы 28 маусымда табысталады

Баспасөз, радио және интернет журналистика саласындағы «Үркер» ұлттық сыйлығының қатары биыл тағы бір арнайы аталыммен толығады. Ол – мерекеге байланысты «Астана қаласының 20 жылдығы» номинациясы.

Одан бөлек, «Үздік вайн» да анықталмақ. Бұл – енді оқырмандар арасында жүргізілген сауланама нәтижесіне қосылған аталым. Бұған дейін болған 12 номинация өзгеріссіз қала береді. Биылғы жеңімпаздарды марапаттау 28 маусым – Журналистика күнінде өтеді. Қазір өтініштер қабылданып жатыр.

Бэлла Орынбетова, «Үркер 2018» ұлттық сыйлығын ұйымдастыру тобының өкілі:

- Ірі ұлттық басылымдардан да өтініштер келді. Ең ірі, мықты деген сайттардан да келіп түсті. Сонымен қатар аймақтардан өте көп түсті. Біз бұрын мүлдем естімеген газеттерден, сайттардан да келіп жатыр. Жұмыстары да өте жақсы. Соған қарап аймақтық БАҚ та жақсы дамып жатыр деген ой қорытуға болатын сияқты.