Хабар телеарнасы

Елімізде менингитке шалдығып көз жұмғандардың қатары 13-ке жетті

Қазір жер-жерде менингококк инфекциясының таралуын алдын алу мақсатында халық арасында санитарлық шаралар, түсіндіру жұмыстары қолға алынды. Аурудың алдын алу мақсатында барлық облыста бірыңғай байланыс орталықтары құрылды. Денсаулық сақтау басқармалары мен қоғамдық денсаулықты қорғау департаменттері де белсенді жұмыс жүргізуде.

Менингиттен сақтану үшін қоғамдық орындарда медициналық перде тағу міндет. Жыл басынан бері 593 адам медициналық көмекке жүгінген. 213 адам ауруханаға жатқызылғанымен, нақты 58 адамның менингитке шалдыққаны белгілі болған. 10 адам емделіп шыққан, 35-і ем-дом алуда. Өкінішке қарай, 13 адам аурудан көз жұмды. Қазір инфекцияның Қазақстанға қалай келгені зерттеліп жатыр.

Жандарбек Бекшин, ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері:

- Геномдық сараптама жүргізілетін болады, қорытындысы жарияланады. Бірақ бұған 3 апта уақыт керек. Содан кейін менингит жұқпасының елімізде бұрыннан бар дерт екендігі немесе туристер, шетелдік қонақтардан таралды ма, нақты белгілі болады. Қазақстандықтардың да бизнес, басқа да мәселелермен шетелге жиі шығатынын да ескеру қажет.

Талдықорғанда менингококктан тағы бір науқастың дәм-тұзы таусылды. Қаладағы медициналық колледждің 17 жастағы студенті осыдан 2 күн бұрын ауруханаға түскен. Марқұммен соңғы күндері қарым-қатынаста болған 158 адам бақылауға алынды.

Гауһар Баекенова, Қоғамдық денсаулықты қорғау департаментінің бөлім басшысы:

- Менингитті жұқтыратын тасымалдаушы – бактерия. Сондықтан ғимараттың бөлмелерін желдетіп отыру керек. Көпшілік жиналатын жерлерге бара бермеген жөн. Бұл сақтанудың ең тиімді тәсілі деп есептейміз.

Ал Ертіс өңірінде менингококк инфекциясына қатысты эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Жыл басынан бері инфекция жұқтырудың екі жағдайы тіркеліп, дер кезінде емделген. Жамбыл облысында соңғы 4 жылда 14 менингококк инфекциясын жұқтыру дерегі тіркелген. Өлім-жітім жоқ. Қазір өңірде менингококк инфекциясына қатысты жағдай тұрақты. Ал Ақтау мен Атырау, Маңғыстау облысында биыл минингит дерті тіркелген жоқ. Дегенмен сақтық шаралары күшейтіліп, арнайы кеңес беру орталықтары ашылды. Еліміздің шығысында медициналық мекемелерге менингококк инфекциясына қарсы екпе әкелінді. Жыл басынан бері өңірде бұл дертпен 5 бала ауырып, олардың барлығы аман-есен жазылып шыққан.

Гүлайым Тағаева, ШҚО қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары:

- Базарларда, үлкен супермаркеттерде, көп жиналатын жоғарғы оқу орындарында, барлық жерде мәлімет беріліп, халықпен жұмыс атқарылуда.

Әлеуметтік желіде менингококктан сақтану үшін жұртты өз еркімен түрлі антибиотик қабылдап, екпе жасату керек деген ақпарат жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті. Алматылық денсаулық сақтау саласының мамандары мұндай жалған ақпаратқа сенбеуге шақырады. Қазір қалада арнайы штаб құрылған.

Авторы: Индира Жылқайдарова