Хабар телеарнасы

Шәмші Қалдаяқов туралы фотоальбом-кітап жарық көрді

Мемлекеттің басты рәміздерінің бірі – гимн. Бұрын «Менің Қазақстаным» әні ретінде танымал болған Қазақстанның әнұраны Елбасының бастамасы бойынша 2006 жылы Парламентте бекітіліп, сол жылы Мемлекет басшысының салтанатты ұлықтау рәсімінде бірінші рет орындалды. Мемлекеттің әнұраны, халықтың жүрегінен орын тапқан сүйікті әнінің авторы Шәмші Қалдаяқовқа арналған тағы бір кітап жарық көрді.

Елінің гүлі болып, жыры болып төгілетін намысшыл қазақ халқының біртуар перзенті, талант иесі Шәмші Қалдаяқов «Менің Қазақстаным» әнін жазғанда небәрі 26 жаста болыпты. Осы әнімен халықтың рухын көтерген Шәмшінің қуанышында шек болмай, түбі бұл әнұран болады деген екен. Атақты композитордың сол сөзі бүгін шындыққа айналды.

Қалдыбек Құрманәлі, композитор:

- Елбасымыз ұлттың болашағы үшін жасап жатқан сапарлардың бәрінде әнұран айтады, ал біз марқайып қаламыз. Екіншіден спортшылар ұятқа қалдырып жатқан жоқ. Сол кезде мен де қуанамын. Әттең Шәкең осы күнді көріп кеткенде ғой.

Шәмшінің өмірі мен шығармашылығын зерттеп жүрген композитор Қалдыбек Құрманәлі ол туралы фотоальбом-кітапты құрастырған. 5 мың тиражбен жарық көрген кітапта композитордың көпшілік біле бермейтін қырлары, оны танып-білгендердің естеліктері жазылған. Жинақта композитордың ең танымал 26 әнін шегіне жеткізіп, асқан шеберлікпен орындаған әншілердің де суреттері бар. Жинақ «Өмір-өзен», «Сол бір кез есімде», «Шәмші мұра», «Аманат» секілді 7 бөлімнен тұрады.

Қалдыбек Құрманәлі, композитор:

- Бұл кітапты энциклопедия деп айтуға болады. Ал негізі Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдығы қарсаңындағы қолға алынған үлкен жоба. Қазірдің өзінде облыстардан, әкімдіктерден, колледж, мектептерден бізге тапсырыс түсіп жатыр. Халықтың сұранысы өте көп.

Ұйымдастырушылар сазгердің 90 жылдығына орай кітапты мемлекеттік тапсырыспен 50 мың данаға дейін басып шығармақ ниетте. Мемлекеттік маңызы бар шараларда, спортшыларымыз жеңіс тұғырына шыққан сәтте орындалып жүрген гимн – елдігіміздің белгісі, әр қазақстандық үшін қастерлі ұғым.

Авторлары: Индира Жылқайдарова, Абдолла Исаев