Хабар телеарнасы

ҚР Мемлекеттік рәміздері күні еліміздің түкпір-түкпірінде атап өтілді

Мемлекеттік рәміз тек шығармашылық туынды емес, ол – тарихымыз, тамырымыз, болашақ жетістіктерге бастар құрал.

Бұл – елдік нышандарымызды жасаған аворлардың бірі Жандарбек Мәлібеков ағамыздың сөзі.  Рәміздеріміз қалай қабылданды? Бүгінде өз орнымен қаншалықты дұрыс пайдаланылуда?

Ердәулет Байдуллаев, тілші:

- Алтын күн бедерленген көк туымызға қараған кез келген адам ерекше әсерге бөленеді. Міне, ширек ғасыр бойы осы және өзге де Мемлекеттік рәміздер елді біріктіріп, халықтың рухын көтеруге қызмет етуде.

Халқымыздың «Жұлдызың жансын» деген ниетімен байлынысты осы бір элемент елтаңбада өзіндік орын алған. Ал нышанда одан өзге тағы 40-тан астам бедер бар. Әрине, әрқайсысы белгілі бір мағынаға ие.

Жандарбек Мәлібеков, Елтаңба авторы:

- Насихаттау мәселесін өте жоғары дәрежеде өткізіп отыруымыз керек. Оған ешқандай жағымсыз, басқадай ой болуы мүмкін емес. Егер рәмізге деген пікірің өзгерсе, онда сенің Отаныңа деген көзқарасың басқаша болады. Сондықтан біз бұл мәселені әрқашан жастарға айтып отыруымыз керек.

Өскеменде ҚР Мемлекеттік рәміздер күніне орай патриоттар акциясы өтті

Сондай шараның бірі бүгін Өскеменде өтті. Тұрғындар алып тудың жанында суретке түсіп, арнайы тақтаға Отанға деген ыстық лебіздерін жазып қалдырды. Мемлекеттік рәміздерді ұлықтауға арналған мереке аясында түрлі жағдайда адамдарды ажалдан құтқарып қалған бейбіт күннің батырлары марапатталды.

Қызылорда облысында Рәміздер алаңы ашылды

Тәуелсіз елдің азаттығын айшықтайтын айтулы күнде Қызылорда облысының Арал ауданында Рәміздер алаңы ашылды. Оның аумағы 8 мың шаршы метрді құрайды. Аралдықтар енді ауқымды шаралардың барлығын осында өткізеді.

Әнес Әуезов, Арал ауданының құрметті азаматы:

- Рәміздер алаңы өте керек. Өйткені қазіргі талапқа сәйкес көп жерде жаңадан салынып жатыр. Біз өте қуаныштымыз. Әрдайым рәміздерді насихаттап, мектептерде тәрбие сағатын өткізіп, кештер, кездесулер өткізу, жастарды осында алып келіп, патриоттық тәрбие беруге мүмкіндік мол.

Алаң құрылысына облыстық бюджет есебінен 174 млн теңге жұмсалған. Кешен аумағында спорт және балалардың ойын алаңы қоса салынған.

Авторлары: Ердәулет Байдуллаев, Абдулла Исаев