Хабар телеарнасы

Елімізде соңғы 10 жылда аутизмге шалдыққан балалар саны 10 есе артқан

2 сәуір – аутизм жайлы ақпарат тарату күні. Бұл дата күллі әлем бойынша атап өтіледі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, қазір әлемде әр 70-інші бала осы ауытқумен туады. Қазақстанда да бұл дерт етек алып келеді.

Елімізде соңғы 10 жылда аутизмге шалдыққан балалар саны 10 есе артқан. Қазір өзге елдерде «аутизмді» ауру емес, ерекшелік ретінде қабылдап жатыр. Ал біздің қоғам мұндайға дайын ба?

Әсет Жақсыбек, Астана қаласының тұрғыны:

- Интернеттен қарап отырып, бір мақалаға кезіктім. Онда мұндай болады, аутизм деген бар делінген. Оны оқып отырсам, расында да балам тура сол сияқты.

Әсетұлы Аймұхамедтің аутис екенін интернеттен оқып білді. Мұндай диагнозды қоюға отандық медицина әзірге осал. Бұл дерттің алдында ғылыми қауымдастық да қауқарсыздық танытып отыр. Аутизмнің неден пайда болатыны әлі күнге белгісіз. Болжам көп, нақты ғылыми тұжырым жоқ. Қазақстанда аутизм дертіне шалдыққан балалардың нақты саны да белгісіз. Кейбір деректер 30 мыңнан асады десе, енді бірі олардың саны жыл сайын 13%-ға өсіп отырады деген дерек айтады.

Маржан Ержанова, Балаларды дамыту орталығының маманы:

- Аутизмді емдеу мүмкін бе? Ол емделмейді. Оны түзету керек. Жалпы Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы бойынша әлемде әрбір 70-інші бала аутист болып табылады және ол жыл сайын өсіп келеді дейді мамандар.

8 айында сөйлеп кеткен Ілияс бір жарым жасқа келгенде жұмған аузын ашпапты. Анасы Айсұлу дәрігерге көрсеткенде, «ұл баланың тілі кеш шығады, алаңдамаңыз» деп қайтарып жіберген. Алайда екі жылдан соң ресейлік ақ халаттылар «аутист» диагнозын қойған.

Айсұлу Мажен, Ілиястың анасы:

- Статистиканы алатын болсақ, балаға бірінші екі жасына дейін, сосын екі жастан бастап көмек көрсетілсе, олар 7 жаста мектепке бара алады. Мүмкін сөйлеп кетеді. Негізгі мәселе олар балалармен ойнай алмайды. Олар үлкен адамдармен отырып, сабақ жасай алмайды. Коммуникативті проблемалар негізінен алып қарасақ осылай. Сондықтан қазіргі кезде ең басты мәселе Қазақстанда ол кішкентай кезінен бастап балаларды дер кезінде байқамау.

Осыдан 4 жыл бұрын Астанада аутистермен жұмыс істейтін екі-ақ орталық болса, қазір олардың саны жиырмаға жуықтады. Бірақ көбі ақылы. Ақшасын төлесеңіз, мамандар балаңызды қоршаған ортаға бейімдеп, сөйлетуге тырысады. Тегін орталықтар да бар. Бірақ ем қабылдау үшін арнайы кезекке тұру қажет. Бес жастағы Арланның орталықққа келіп жүргеніне үш апта болыпты. Нәтиже көзге көріне бастады.

Шолпан Айтпаева, Арланның анасы:

- Бір айдың ішінде бала тәртіпке үйренді, біріншіден. Өзінің ойын түсіндіретін болды. Бармағымен көрсетеді. Бұрын отырғыза алмайтын едік, қазір партада отырады. Бұрын ондай болмайтын. Құр айқайлап, өзіне зиян тигізіп жүретін. Қазір түзеліп келеді.

Қазір өзге елдерде «аутизмді» ауру емес, ерекшелік ретінде қабылдап жатыр. Ал біздің қоғам бұған әлі дайын емес. Қазақстанда аутизммен ауыратын балалар мектеп жасына келгенде қиналады. Себебі инклюзивті білім беретін мектептер аз. Миллионнан астам тұрғыны бар Астананың өзінде аутизмге шалдыққан балаларды оқытатын небәрі 4-5 мектеп бар. Солардың бірі – №83 мектеп-гимназия. Мұнда мүмкіндігі шектеулі 44 бала оқыса, соның 19-ы – аутист балалар.

Сәуле Теменова, №83 мектеп-гимназия директор:

- Балалардың ата-аналары түсінбеді, шынын айтқанда. Кабинетіме келіп ренжігендерін айтты. Бұл бала неге сабақтың үстінде айқайлайды, бұл бала неге жаман мінезін біздің балаларға көрсетеді, біздің де балалар сондай болып кетуі мүмкін. Ол ата-аналармен біраз жұмыс жасадық.

Әр бала мектепке лайықты. «Болашақ» корпоративтік қоры 2015 жылдан бері аутизм және тағы да басқа ерекше күтім қажет ететін балалардың жалпы білім алуына атсалысып келеді. Жоба жұмысын бастағалы Корпоративтік қорына 700-ден аса өтініш келді. Онда аутизммен ауыратын балалардың сапалы білім алмай отырғаны, дискриминацияға ұшырауы жайлы айтылған. Инклюзияны қолдау аясында Астана, Алматы қалаларының 10 мектебінде кабинет ашылып, ДЦП аутизм және тағы да басқа ерекше күтімді қажет ететін 120 баланың жалпы білім беретін жерде оқуына мүмкіндік берді.

Динара Шайжүнісова, Корпоративтік қор директоры:

- Біз не істеп жатырмыз? Біз мектептерге кіріп, арнайы кабинеттерді жарақтандырамыз. Сөйтіп қоғамнан шеттетіліп үйде отырған балалар мектепке барып, барлығы секілді білім алуына жағдай жасап жатырмыз. Себебі оған олардың құқығы бар. Біз енді бұл жобамен өңірлерге шығамыз деп отырмыз. Біз Америкадан арнайы тренерлерді шақыртып, тютерлерді дайындап жатырмыз. Осылайша Қазақстан бойынша мамандарды әзірлемекпіз.

Аутизм – ем қонбайтын дерт. Сондықтан аутизммен ауыратын балалар, олардың ата-аналары қымбат дәріге емес, қоғамның дұрыс көзқарасына зәру.

Әсет Жақсыбек, Астана қаласының тұрғыны:

- Үлкен барьерлер болады. Сол барьерлерден бірінші ата-ана өтуі тиіс. Олар мойындауы керек. Менің балам басқа балаларға ұқсамайды. Соны мойындау арқылы басқа ата-аналарға, туыстарға түсіндіру керек болады. Айту керек, ақпарат жетіспеушілігінен көбісі білмейді.

Бізде ауытқуы бар балаларға денсаулық сақтау, білім беру жағынан қолдау аз. Бұл балалардың тағдырына ата-аналары мен қоғамдық ұйымдар ғана алаңдап жүр. Алайда ғалымдар уақыт өте келе аутизммен ауыратындардың саны арта түсетінін айтады. «Сондықтан мемлекет бұл мәселеге әзірден ден қойса», – дейді мамандар.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Қорған Төреқожа, Есбол Жамшитов