Хабар телеарнасы

«Кедергісіз келешек»: Елімізде инклюзивті біліммен қамтылу көрсеткіші 70%-дан кем болмауы тиіс

Инклюзивті білім – Қазақстанға қажет тақырыптардың бірі. Себебі елде ерекше білім беру қажет балалар артуда. Қазір олардың саны 150 мыңға жетіп қалған. Он екі мүшесі сау бала мен мүмкіндігі шектеулі баланы бір партаға отырғызуды қазақстандық мектептер енді ғана қолға алды. Нәтижесі қандай?

Тоқан Әмірхан қыркүйек айында келгенде әріп танымайтын, есеп шығару білмейтін. Қазір дауысты, дауыссыз әріптерді ажыратады. Сөздерден сөйлем құрай алады.

Тоқан 9 айдан бері кәдімгі мектепте оқиды. Оқушы орындығы орнына – мүгедек арбасы, дәптердің орнында – компьютер. ДЦП диагнозына қарамастан алғашқы ұстазы Тоқанның талапты екенін айтады.

Динара Баязова, мұғалім:

- Ештеңеден тыс қалғысы келмейді. Сабақ кезінде басқа балалармен қатар қол көтеріп, қызығушылық танытып, белсенді жұмыс жасап отырады. Мұндай балалармен жұмыс істеу – мен үшін үлкен тәжірибе. Қызық әрі оңай емес, шыны керек. Бірақ баланың нәтижесін көргенде қуаныш сезімі билейді екен.

Астанадағы №83 инклюзивті білім беретін мектеп. Әр сыныпта кемінде екі ерекше баладан. «Инклюзив тәжірибесін енгізу оңай болмады», – дейді директор. Мектептің жабдықталуы өз алдына, қоғамның көзқарасын өзгерту де оңай болмапты.

Сәуле Теменова, №83 мектеп-гимназия директоры:

- Кішкене қиналдық. Ата-аналармен біраз сөйлестік, ақылдастық. Өйткені жай балалар мен бұл балаларды бір сыныпқа отырғызу, оларға бірдей білім беру қиындық тудырды. Бірақ ата-аналарға өте ризамын. Бастапқыда біраз сөйлесіп, кейін балаларымызды жақсы қабылдады. Бүгінде бір-біріне дос болды.

Дәл осы балаларға қажеті. «Инклюзив – бөгетсіз білім ғана емес, толерантты ұрпақ тәрбиелеп шығудың бір құралы», – дейді психологтар.

Серікгүл Сали, психолог:

- Жанашырлық, аяушылық және мүмкіндігі шектеулі баланы көрмей өскен бала оны түсінбейді, оларға үрке қарайды, төменсітеді. Бөлінуден, эгоист болудан кез келген қоғам үлкен зардап шегіп жатыр.

Қазақстанда 150 мыңдай мүмкіндігі шектеулі бала бар. Бірақ ол сан әлдеқайда көп болуы мүмкін. Кәмелетке толмаған жасөспірімдердің 3%-ы ерекше білім беруді талап етеді. Мемлекет оларға білім беруге мүдделі. Себебі білім алмаған бала, кәсіп те алмайды. Яғни бұл мемлекетке түсер салмақ.

Айжан Шадырова, Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің сарапшысы:

- Қазір республикада ерекше білім беру қажеттігі бар балалар – 147 396. Оның ішінде – 47 779 бала мектепке дейінгі балалар, мектеп жасындағылары – 97 616. Жалпы білім беретін мектепте осы балалардың 23 940-ы инклюзивті біліммен қамтылған.

Келер жылы инклюзивті біліммен қамтылу көрсеткіші елде 70%-дан кем болмауы тиіс екен. Алайда осы мәселеге келгенде құрғақ көрсеткіштерге иек артпаған жөн. Миллиондардың қаласы Астананың өзінде ондай балаларды оқытатын тек 4-5 мектеп бар.

Алма Рашиденова, ата-ана:

- Біз мемлекеттік балабақшаларға да қабылданбадық. Мектепке барғанымызда «диагнозбен сіздің балаңызды қабылдай алмаймыз» деді. Әрине, ол біріншіден ата-анаға қиын. Өйткені үйде 4 қабырғаға қамап қойғаннан мектепте өзімен жасты балалармен білім алғаны жақсы.

Инклюзивті білімнің игілігін Кәмила Шоқановадан артық ешкім түсінбейтін шығар. Туа бітті ДЦП диагнозымен ол 5 жасына дейін тіпті жүре алмаған. Сонда да сау балалармен мектепті бітірді, қазір бір емес бірнеше кәсіптің иесі.

Кәмила Шоқанова, Астана қаласының тұрғыны:

- Кез келген мемлекет үшін инклюзивті білім керек. Бұл даму қабілеті ерекше балалардың өздерін қоғамның бір мүшесі ретінде сезінуіне көмектесумен қатар, қоғамға бейімдейді. Болашақта жұмыс істей алады деген сөз. Өзін асырай алады, отбасына, еліне көмектеседі. Керексіз болмайды. Инклюзивті білімді дамыту Қазақстанда мүмкін. Себебі біздің қоғамда санасы мен көзі ашық, жаңа идеяларға үйір адамдар көбейіп келеді.

Бір Астананың өзінде 400-ден астам аутис бала үйде оқуға мәжбүр. Ал ел бойынша қанша кішкентай тағдырлардың 4 бұрышта қамалып отырғаны беймәлім. «Мамандар инклюзивті оқытуды дамыту керек», – дейді. Мүмкіндігі шектеулі балалар саны артпаса, кемімеуде. Оның үстіне Ата Заңға сай, әр бала білім алуға құқылы. Ал ең бастысы қазақ қоғамы мүмкіндігі шектеусіз қоғам құруға бет алды. Мұның өзі – кішкентай жеңіс.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Санжар Жартиев, Ерсін Мұхамбеталин