Хабар телеарнасы

Келешекте ауа райы мен климаттағы өзгерістер әлемде басты түйткілді мәселеге айналмақ

Жылдан жылға жер бетінде экологиялық ахуал нашарлап, техногендік апат салдары артуда. Алматыдағы Еуразиялық медиа форумда сөз алған халықаралық сарапшылардың пікірі осындай.

Сондықтан қоршаған орта қауіпсіздігінің маңызы жайлы қоғамдық сана қалыптастыруда БАҚ-на артылар міндет орасан.

Өткен ғасырдағы ғылыми-техникалық прогресс табиғатқа орасан зор нұқсан келтірді.ЕуроОдақтың мәліметіне сәйкес, әр адам жылына табиғатқа 5 тонна зиянды қалдық таратады. Ауаға көмірқышқыл газының көп таралуы ең алдымен адамзаттың мұнай мен көмір өнімдерін үнемі пайдалануына байланысты. Мысалы, тек Қазақстанда ғана 87 млн. тонна мұнай электр энергиясын өндіруге жұмсалады.

Форумда сарапшылар әлемдік жасыл экономикаға ауысудың біркелкі формуласы қалыптаспағанын айтты. Яғни алпауыт елдер баламалы қуат көздеріне көшуге асықпайды. Ал дамушы елдердің экономикалық әрі қаржылық мүмкіндігі шектеулі.

Мохан Мунасинхе, Нобель сыйлығының иегері
-Көмір мен мұнайды алмастыратын баламалы қуат көздеріне түбегейлі көшудің экономикаға кері әсер етуі мүмкін екені даусыз. Өйткені ондай технологияларды енгізу қымбат болады. Дегенмен, бұл әлемдік үрдіс. Жасыл экономикаға ауысу үшін ұзақ уақыт кетеді.

Форумда талқыланған және бір өзекті тақырып «Қазіргі медианың дамуы; дәстүрлі журналистика мен блогосфера арасындағы айырмашылық». Ақпараттық технология ғасырында әлеуметтік желілер басты ақпарат көзіне айналды. Бұл мүмкіндікті блогерлер деп аталатын қауым сәтті әрі тиімді пайдаланып келеді. Бірақ нақты дереккөзбен шынайы мәліметті жасыру салдары қоғамда түрлі ойлар мен әрқилы көзқарастың пайда болуына айырықша әсер етеді. Сондықтан әлемдік медиасарапшылар әр ақпаратты қабылдар алдында рас-өтірігін ажыратып алу керектігін айтты.

Дулатбек Қыдырбекұлы, Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің профессоры:

-Бізде ақпараттық технологиялар күн сайын өсіп жатыр. Бұның маңыздылығы біздің қазақ халқына өте керек. Өйткені қазақ тілінде біздің интернет сайттар жетпейтін сияқты. Ал оған қарағанда орыс тіліндегі сайттар өте көп. Сондықтан біз өзіміздің қазақ сайттарымызды көбейтуіміз керек. Контенті болу керек. Екіншіден, қазақстандық орыс тіліндегі сайттарды қазақ халқының, Қазақстан мемлекетінің мүддесіне бағындыру керек.

Сонымен қатар форумда бүгінгі күнгі мәдени әрі рухани құндылықтар мәселесі сөз болды. Батыс пен шығыс өркениеті арасындағы айырмашылық, діни ұғым мен ұлттық сана, ар-ождан тұрғысынан қабылданар шешімдер қоғамға қалай әсер ететіні айтылды. Сонымен бүгін 500-ге жуық делегат қатысқан Еуразиялық медиа форум жұмысын аяқтады. Қорытынды сөз форумды ұйымдастыру комитетінің төрайымы Дариға Назарбаеваға берілді.

«15-ші Еуразиялық медиа форумда көтерілген тақырыптар адамзатқа ортақ. Сондықтан бұл халықаралық жиынның әлемдік медиа кеңістіктегі ашық пікірталас алаңына айналғанын атап өткен жөн», – дейді сарапшылар.

Авторлары: Алмас Садуақас, Мұхит Құдықбаев