Хабар телеарнасы

XV Еуразиялық медиа форумның пленарлық мәжілістері басталды

Бүгін Алматы қаласында Еуразиялық медиа форумның ресми ашылуы өтті.

Маңызды жиын биыл «Эволюцияның 15 жылы: құбылмалы дүние және бізге өзгеріс әкелген әлем» тақырыбымен өтіп жатыр.

Ұлан Нарынбек, тілші:

-Еуразиялық медиа форумның күнтәртібіне халықаралық қауымдастықты алаңдатқан өзекті мәселелер қойылып отыр. Форумның салтанатты ашылуына еліміздің Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев қатысып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың форум делегаттарына арнаған Құттықтау хатын жеткізді.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:

-Құрметті қатысушылар! Құрметті қонақтар! Сіздерді он бесінші мерейтойлық Еуразия медиафорумының ашылуымен құттықтаймын. Жыл сайын форум медиа саласының ашық әрі ауқымды тақырыптардағы сұхбаттарға дайын кәсіби мамандарының басын қосады. Жиынның күн тәртібі Астана экономикалық форумының тақырыбымен үндесіп жатыр. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін.

Еуразиялық медиа форум тұңғыш рет 2002 жылы өткен болатын. Ол уақытта интернет әлсіз, ал әлеуметтік желілердің қоғамдық ықпалы тіпті төмен еді. Биылғы форумның эволюция тақырыбын арқау болғаны да сондықтан. Еуразиялық медиа форумның Ұйымдастыру комитетінің төрайымы, осы форумның негізін қалаушы Дариға Назарбаева делегаттарды 15-ші мерейтойлық форуммен құттықтап, оларға сәттілік тіледі.

Дариға Назарбаева, Еуразиялық медиа форумы ұйымдастыру комитетінің төрайымы:

-Жаңа цифрлы әлем тек жаңа мүмкіндіктер мен қарым-қатынастың жеңіл жолын әкелмейді. Әлеуметтік желінің қауіпті тұстары да бар. Біздің смартфондардағы месенджерлерді лаңкестер өз мүддесі үшін пайдалануы мүмкін. Бұл мәселелер бүгінде әлем үшін өзекті. Сондықтан бұл орайда мемлекеттік реттеу ақылмен екшелген әрі жауапты болуы шарт. Оны жастардың түсінгені абзал.

Қазір пленарлық мәжіліс жүріп жатыр. Бірінші отырыс «Халықаралық қатынастар эволюциясы: ғаламдағы салқын леп» тақырыбына арналып отыр. Бүгін де медиа форумның жұмысы кешке дейін жалғасады. Әлі талай маңызды әрі қызықты тақырыптар талқыланады.