Хабар телеарнасы

Самал Есләмова «Айка» картинасында сомдаған басты рөлі үшін Канн кинофестивалінде «Үздік актриса» атанды

Театрда кассир болып бастап, кино әлемін мойындатты. Канн кинофестивалінде «Үздік актриса» атанған Самал Есләмованың жеңісіне жерлестері қуанып жатыр. Ол – Солтүстік Қазақстан облысы, Аралағаш ауылының тумасы.

Ілияс Есләмовтың телефонына дамыл жоқ. Кешеден бері құттықтау қоңыраулар мен қонақтар. Қыздары Самалдың жеңісіне әсіресе ата-анасы балаша қуанып жатыр.

Ілияс Есләмов, Самалдың әкесі:

- Шешесі кішкентай болғанда еркелетіп, өлең айтатын. «Біздің Самалегымыз ұшаққа мініп алып, Мәскеуге ұшып кетті», – деп келтіріп шешесі айтатын. Қазір сол өлеңі дәл келді.

Анасының айтуынша, Самал кішкентай кезінен-ақ ауыр жұмыстарға араласып, әкесінің жанында жүретін. Кенже қыздары құдықтан су тасып, отын жарып бойжеткен.

Гүлмайра Есләмова, Самалдың анасы:

- Ол ылғы айтатын: «Бір қызым бар, екіншісі тағы да қыз. Енді ұл болса, қандай болар еді? Қыздың арқасы», – деп. Көлік жүргізеді, атқа да мінеді.

Самал Есләмова – Петропавлдағы Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының түлегі. Өнер колледжінің студенті бастапқыда кассир болып, кейіннен спектакльдерде ойнай бастайды.

Біржан Жалғасбаев, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының директоры:

- Турашыл, шыншыл болатын. Жас болса да шындықты айтады. Одан кейін тез қабылдап алатын, 1-курсқа түскен кезі ғой. Көзі бір ерекше. Сондай тұнық, тап-таза. Кешеден әлеуметтік желілерден естіп, көріп жатырмыз ғой. Бұл – үлкен дәреже.

Самал Есләмова «Айка» картинасында сомдаған басты рөлі үшін Канн кинофестивалінде «Үздік актриса» атанды. Ол – бұл байқауда жеңіске жеткен тұңғыш қазақ қызы.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов