Хабар телеарнасы

Русланбек Бекжігітов: Әскери қызметшілер әрдайым спортпен шұғылданып тұруы тиіс

Ел тыныштығын күзететін әскерилер әрдайым бабында болуы тиіс. Қорғаныс министрлігінің орталық спорт клубы апта сайын спорттың бірнеше түрінен құрылымдық бөлімшелер мен әскери оқу орындары арасында жарыс өткізеді. Бұл жолы Астанада волейболшылар турнирі аяқталды. Бір аптаға созылған жарыста Радиоэлектрондық күрес департаментінің құрамасы топ жарды. Тыл бастығы басқармасының командасы да оза шапты. Ерлан Әубәкіров пен Дәуренбек Жұмабеков жарыстың үздік ойыншылары болып танылды. Мәдениет Ахметжанов үздік қорғаушы атанса, Валентин Шишковский үздік үйлестірушіге берілген жүлдеге ие болды.

Русланбек Бекжігітов, ҚР Қорғаныс министрлігінің аппарат басшысы:
-Мемлекет басшысының әскери спорттты дамыту керек деген тапсырмасына сәйкес әскерилер арасында түрлі жарыстар өтіп тұрады. Жақында ғана Алматыда қазақ күресінен әскер барысын анықтадық. Енді міне волейболшылардың басын қостық. Дене тәрбиесі денсаулық кепілі. Сондықтан әскери қызметшілер әрдайым спортпен шұғылданып тұруы тиіс.